Мәжілісте атышулы Құрылыс кодексінің жобасы қызу талқыға түсті. Осы заңның қабылдануы құрылыс нарығындағы былық пен берекесіздіктің түйінін тарқатып, халықтың қауіпсіз әрі жайлы баспанада тұруын қамтамасыз етпек, деп хабарлайды Ertenmedia.
Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, осынау құжат мемлекет, құрылыс компаниялары және қоғам арасындағы өзіндік үшжақты келісім іспеттес. Осы күнге дейін құрылыс саласында заң емес, қалталы компаниялар мен оларды қолдаған лоббистердің дегені жүріп келген.
Соның кесірінен Алматы секілді ірі шаһарларда тұрғын үйлер мен ресторандар тау бөктеріне, қауіпті сейсмикалық аумақтарға салынып, саябақ пен демалыс орындарының орнын бетонды геттолар басқан.
«30 жыл бойы құрылыс компанияларының ығына жығылып, олардың мүддесін бірінші орынға қойдық. Адам тағдырын, тұрғындардың қауіпсіздігін екінші кезекке ысырып, қалалардың келбетін құртып алдық. Енді осы үрдісті тоқтатып, заң үстемдігін орнататын кез келді», – деді депутат.
Оның айтуынша, бастапқыда Мәжіліске ұсынылған кодекс жобасы 386 миллион теңгеге жасалған студенттің дипломдық жұмысынан аса қоймайтын компиляция болған. Бұған қатты сын айтқан депутаттың бірі де осы Базарбек еді. Кейін Мәжілістегі жұмыс тобы, оның ішінде Мұрат Әбенов бастаған депутаттар бір жарым жыл ішінде кодекске 1500-ге жуық түзету енгізілген.
Құжаттағы ең маңызды жаңалықтың бірі ендігі жерде барлық бас жоспар мен жобалау құжаты сейсмикалық карталарды есепке ала отырып әзірленеді. Әсіресе Алматы секілді қауіпті аймақтағы құрылыс қатаң бақыланатын болады. Басқа да сейсмоқауіпті аймақ Тараз, Шымкент, Талдықорған, Қонаев, Өскемен, Қызылорда қаласында мұндай талап 2030 жылға дейін біртіндеп енгізілмек.
«Келесі маңызды түзету көшкін қаупі бар ауылдық жерлерде көпқабатты тұрғын үй салуға тыйым салынады. Сонымен қатар қаладағы саябақ мен рекреациялық аймақтарды тұрғын үй немесе коммерциялық құрылысқа беру енді тек қоғамдық талқылаудан кейін ғана мүмкін болады. Егер халық қарсы болса, саябақ орнына ресторан немесе элиталық тұрғын үй салуға ешкім рұқсат ала алмайды», – дейді депутат.
Сондай-ақ, 2018 жылы құрылыс компанияларының ыңғайына қарай заңға енгізілген «жылына екі рет қала құрылысы жобасына өзгеріс енгізуге болады» деген норманы мүлде алып тастау көзделген. Осы норма кесірінен соңғы жылдары қалаларда ретсіз, хаосты құрылыс көбейіп кеткен еді.
Жаңа кодекс бойынша қала құрылысы жобасына өзгеріс енгізу екі жылда бір-ақ рет жүзеге асырылады. Депутат Базарбек осы мерзімді бұрынғы заңдағыдай бес жылға дейін ұзарту қажет деп есептейді.
«Алдағы уақытта адал емес құрылыс компанияларының арнайы реестрі жасақталып, лицензияны оңды-солды сатуға тосқауыл қойылады. Лицензия беруде заңсыздыққа жол ашып, жобалау құжатын үстірт тексеретін сараптама ұйымдарының да жауапкершілігі күшейтіледі. Құрылыс кодексі саладағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, барлық қатысушылар үшін жайлы аймақты «жайсыз» етуі керек. Бұл ретте үкімет халықтың мүддесін қолдайды деп үміттенемін», – деді Бақытжан Базарбек.