Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Отбасы банк» пен Алматы әкімдігін тұрғын үй құрылысына қатысты заңсыздықтарға қатысы бар деп айыптап, даулы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Депутаттың сөзінше, Алматы мен Астанадағы бейберекет құрылысқа құрылыс компанияларымен қатар осыны бақылауға тиіс мемлекеттік органдар да кінәлі.
Ол оңтүстік өңірде болған жағдайдың Алматыда қайталануы мүмкін екенін ескертті.
Бұған дейін Шымкентте ірі ипподром аумағы жекенің қолына өтіп, орнына элиталы тұрғын үйлер салынып кеткен еді. Алматыдағы тарихи ипподром да дәл солай құрылыс компанияларының қармағына түсіп, тұрғындар тағы бір демалыс орнынан айырылып қалуы мүмкін дейді депутат.
«Шымкент ипподромынан айырылып қалдық. Ертең Алматы ипподромы да солай құрылыс компанияларына үлестіріліп кете ме? Тұрғындар тағы да ауқымды демалыс аймағынан айырылуы мүмкін», – деді депутат.
Оның айтуынша, Алматыдағы «Швейцария» тұрғын үй кешені бойынша сот үйлерді бұзу туралы шешім шығарғанымен, құрылыс әлі жалғасып жатыр. Жобаға ақша салған 150 үлескер зардап шеккен. Тұрғын үйлер рұқсатсыз, бақша егуге арналған жерлерге салынған. Бірақ осы заңсыздықтарға қарамастан, «Отбасы банк» аталған кешеннен пәтер сатып алуға тұрғындарға несие бере берген.
«Неге тек құрылыс компаниялары ғана жауапқа тартылады? Неге заңсыздыққа көз жұма қараған «Отбасы банктің» жауапты қызметкерлері жазаланбайды? Оларды кім қорғаштап отыр?» – деп ашынды депутат.
Оның дерегінше, банк қызметкерлерінің кесірінен 50-ден аса азамат қаржысынан айырылған. Осындай шешімі шығып, бірақ бұзылмай тұрған нысандар саны Алматыда жиырмадан асады.
Кейбірінде меншік иелері мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтірсе, енді бірінде сот орындаушыларының өздері істі әдейі созып отыр деген күдік бар.
Депутат елорда әкімдігін де сынға алды.
Оның айтуынша, қала билігі Талдыкөл көлдерінің мәселесінде әрекетсіздік танытып отыр. Әкімдік экобелсенділермен бірге бекіткен жол картасын елемей, су қорғау аймақтарын бекітпеген. Соның салдарынан су айдындарының аумағы құрылысқа ашық қалған. Қазірдің өзінде әлгі жерлер құрылыс компанияларына бөліне бастаған.
Бақытжан Базарбек Бас прокуратурадан «Отбасы банк» пен Алматы әкімдігінің жауапты қызметкерлерінен түсініктеме алып, «Швейцария» тұрғын үй кешеніне қатысты құжаттарды кім рәсімдегенін анықтауды талап етті. Сонымен қатар сот шешімі шыққан барлық заңсыз нысандардың дереу бұзылуын қамтамасыз етуді сұрады. Талдыкөлге қатысты да дереу су қорғау аумақтарын бекітуді талап етті.
Депутат мемлекеттік органдар талапты орындамаса, арнайы комиссия құрып, Астана мен Алматыдағы заңсыз құрылыс схемасын әшкерелейтінін мәлімдеді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

