Премьер Бектенов ауыз сумен қамту мәселесінде кемшілік көп екенін мойындады. Оның мәліметінше, биылғы жарты жылдың өзінде мем. органдарға тұрғындардан су мәселесіне қатысты 30 мыңға жуық арыз-шағым түскен.
Бұл туралы Ertenmedia хабарлайды.
Жезқазған қаласындағы жағдайды мысалға келтірген премьер, ондағы ауыз су сапасы соңғы он жыл бойы жақсармай отырғанын жеткізді.
Қаладағы су тазалау жүйесінің құрылысы тым ұзаққа созылып, тұрғындар тарапынан наразылық күшейген.
«Жезқазған тұрғындары ауыз судың сапасына жиі шағымдануда. Қаланың су тазарту жүйесінің құрылысы 10 жылдан бері аяқталмаған. Осыған орай Қаржы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлытау облысы әкімдігімен бірлесіп, Жезқазған қаласындағы жобаны қаржыландыру мәселесін 2025 жылдың 1 тамызына дейін шешуді тапсырамын. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Президенттің жеке бақылауындағы мәселе. Ол үшін республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді», – деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Үкімет басшысы ауыз сумен қамту мәселесі азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін, осы себепті бұл жұмыс аймақтардың даму жоспарымен толық үйлесімді болуы керектігін баса айтты.
Оның сөзінше, климаттың өзгеруі мен су тұтыну көлемінің ұлғаюы жағдайында топтық су құбырларын дамытып, су үнемдейтін заманауи технологияларды енгізу аса маңызды.
«Кейбір елді мекендерде ауылішілік желілер дайын болғанымен, судың көзі табылмаған жағдайлар кездеседі. Керісінше, су ауылға дейін тартылып, бірақ ауылішілік құбыр желісі дайын болмай жататын кездер де бар», – деді премьер-министр.
Бектенов астана маңындағы ауылдардың орталықтандырылған су жүйесіне қосылу мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Су ресурстары министрлігі мен Ақмола облысының әкімдігі аталған жұмысты қысқа мерзімде аяқтауға міндеттелді.
Сондай-ақ премьер Маңғыстау облысындағы Кендірлі тұщыландыру зауытының іске қосылуы созылып кеткенін сынға алды.
«Самұрық-Қазына» қорына және Маңғыстау облысының әкімдігіне 15 шілдеге дейін зауыттағы іске қосу-жөндеу жұмыстарын аяқтап, Жаңаөзен қаласын сумен қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді ол.
Айта кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елге заңсыз жолмен шығарылған активтерді қайтару жұмыстары аясында арнайы қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаржы ел аумағындағы 230-ға жуық ауыз су жобасына бағытталады.