«Республика» партиясының лидері Айдарбек Ходжаназаров Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты айтылып жатқан түрлі болжамдарға күмәнмен қарайтынын жеткізді деп жазады Ertenmedia.kz.
Ходжаназаровтың пікірінше, қастандықтың саяси астары жоқ, сондай-ақ кейбір дереккөздер айтып жүрген «әйел мәселесіне байланысты» деген әңгімеге де сенбейтінін айтты.
«Менің ойымша, бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Бұл – жеке бастың мәселесі. Әлеуметтік желі мен баспасөз беттерінде жарияланып жатқан нұсқалардың ешқайсысына сенбеймін. Бұл тұрмыстық қылмыс сияқты көрінеді. Руслан әзірше толыққанды жауап бере алатын хәлде емес», – деді Ходжаназаров журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Руслан Берденов ауыр жараланған. Отадан кейін наркоздың әсерінен толық айықпай жатып, жұмысты ойлап, қызметтік міндеттерін сұрап жатқан көрінеді.
«Русланның жағдайы жақсарды деп айтуға әлі ерте. Оған үш рет оқ атылған. Мұндай шабуылдан кейін аман қалудың өзі қиын. Денсаулығын қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет. Біз, соның ішінде өзім де бұл жағдайды қатты уайымдап отырмыз», – деп қорытындылады партия жетекшісі.
Қазіргі уақытта Руслан Берденов ауруханада ем қабылдап жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кетелік, бұған дейін АП-мен байланысты телеграм-арналар да бұл істен саяси астар іздемеуге шақырып, «негізгі болжам тұрмыстық жанжал, жеке бас араздығы» дегенге екпін берген еді.
Берденовтің партияласы дәл осы риториканы қайталап отыр.