«Коммерсанттың» арнайы тілшісі Әндрей Кәлесников Қазақстан мен Ресей президентінің Кремльдегі кездесуінің вайбын егжей-тегжейлі суреттеп берді деп жазады Ertenmedia.
Оның айтуынша, осы жолғы жүздесу бұрынғыдан өзгерек болған. Күні кеше Ақ үйдегі Сопақ кабинетте Трамппен тілдескен Тоқаев Астанаға қоржыны да, көңілі де тоқ оралған еді.
«Оның Дөкеңе айрықша құрмет көрсеткеніне куә болдық. Трампты «әлемдік деңгейдегі көшбасшы, сегіз бірдей соғысты тоқтатқан сарабдал саясаткер» деп мадақтап, тіпті «Әмірика мен бүкіл әлемге ауадай қажет ұлы қайраткер» ретінде сипаттады», — дейді «Коммерсант» тілшісі
Кәлесниковтың пайымынша, Тоқаевтың бұлайша тебіреніп сөйлеуі тегін емес. Мақтауды жаны жүйетін Трамп әлгі лебізге тәнті болып, кәдімгідей масайрап қалған. Алайда Путиннің жөні бөлек көрінеді…
«Кремль көсемі өзіне қатысты көпірме мақтауды аса жақтыра бермейді. Мұны Қазақстан президенті да жақсы біледі. Путин? Ол Тоқаевты Ақ үйдегі қабылдаудан әлдеқайда әсерлі күтіп алды. Президент ұшағын Ресей шекарасынан бастап екі Су-35 жойғыш ұшағы арнайы күтіп алып, Мәскеудің осы кездесуге айрықша мән беретінін аңғартты. Әуежайда Қазақстан президентін Ресейдің бірінші вице-премьері Денис Мантұров қарсы алды.
Бұл Кремльдің Тоқаевқа көрсеткен ерекше ықыласының көрінісі», — дейді Колесников.
Айтуынша, Кремльдің өкілдік залында Путинмен емін-еркін тілдескен Тоқаев мұндай құрметке ризашылық білдіріп, таңғалғанын жасырмаған екен.
Қазақстан басшысы екі ел арасында айтарлықтай мәселе жоқ екенін, қандай да бір түйткіл туындаса, екі президент тез арада шешім тауып жүргенін жеткізген. Сонымен қатар, ол Путинмен бейресми жағдайда пікірлесіп, Ақ үйден алған әсері және Трамппен кездесуден кейінгі ой-пайымымен бөліскісі келетінін жеткізіпті.
Кәлесниковтың айтуынша, Путинмен пікірлескен Тоқаев әңгіме арасында «аға жолдас» деген тіркесті қолданған. Кремль көсемінің әлгі сөзге іші жылып қалса керек. Кездесудің екінші, бейресми бөлігінде Путин Тоқаевты жеке пәтеріне шақырып, әрі қарайғы әңгімені шай үстінде жалғастыруды ұсынған.
«Путиннің пәтеріндегі бір шәугім шәйдің дәмін татқан басшылар некен-саяқ. Бұған дейін мұндай құрметке Қытай көсемі Си Зинпин ғана ие болған еді. Басшылар жатар алдында кофе іше қоймас. Кремльде айранның да түр-түрі бар», — дейді «Коммерсант» тілшісі.
Ресейдің өзге де пропаганда құралдары осы нақыштағы контентке екпін беріп жатыр. Олардың айтуынша Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан «дипломат мемлекетке» айналған.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

