Президент Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде АЛЖИР-де сөз сөйлеп, тарихи әділет туралы салмақты мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.
«Өткен дәуірдің антигуманистік әрі залым саясатын ақтаудың ешбір негізі жоқ. Кеше ғана қаһарман болғандардың бүгін жауызға айналуы, жендеттердің халық кумирі ретінде дәріптелуі қауіпті әрі кешірілмес іс», — деді Мемлекет басшысы.
Президент мұрағаты жанынан арнайы орталық ашылып, ұзақ жылдар бойы «аса құпия» деп мөрленген 700 мың іс толықтай зерттеушілердің назарына ұсынылды. Қазақстанда бұған дейін дәл осындай ауқымды жұмыс жүргізілген емес.
Тоқаев тіпті басқа елдерде де осындай деңгейде құжаттар құпиясыздандырылмағанын ерекше атап өтті.
2019 жылдан бері жұмыс істеген мемлекеттік комиссия аясында миллиондаған мұрағат дерегі зерттеліп, 300 мыңнан астам азамат толық ақталды.
Зерттеушілердің қажырлы еңбегі арқасында қуғын-сүргін туралы 72 томдық тарихи жинақ жарық көрді. Сондай-ақ, бұрын ешқашан жарияланбаған құжаттар негізінде 12 томдық Алашорда жинағы шықты.
«Мұның барлығы – ғаламат еңбек пен ізденістің жемісі. Бұл іске үлес қосқан әрбір азаматқа шынайы ризашылық білдіремін», — деді Президент Тоқаев.
Мемлекет басшысы өткеннің ауыр зардабын еске алудың қасиетті екенін, тарихи деректердің бұрмалануына, манипуляцияға жол берілмеу керектігін баса айтты.
«Өткен тарих ешқашан саяси қаруға айналмауы тиіс. Халық қасіретін жеке саяси ұпай жинауға пайдалануға болмайды», — деп ескертті Президент.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үнемі өткенге жалтақтай беру – әлсіздіктің белгісі. Тарихқа кеңінен әрі байыпты қарауымыз керек. Біздің буын құрбан психологиясынан арылып, болашаққа нық қадам басуы қажет», деп сөзін түйіндеді.