Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы төрт теміржол вокзалы заманауи талаптарға сәйкес жаңғыртылған. Бұл жайында бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
БҚО-да 2023-2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облысқа 259 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат өңірдің инфрақұрылымын жаңарту мен жол құрылысына бағытталған.
Биылғы жылы 86,8 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 497 шақырым автомобиль жолының 459 шақырымы жөнделді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталығы мен оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы жолдар күрделі жөндеуден өтіп, 245 шақырым жолға 81,7 млрд теңге жұмсалып, көлік қатынасы айтарлықтай жақсарды.
– «2025 жылы облыста төрт теміржол вокзалы заманауи талаптарға сәйкес жаңғыртылуда. Жобаның жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайды. Жаңартылған вокзалдар тұрғындар мен туристерге ыңғайлы инфрақұрылым мен сервис ұсынады.«Туристер үшін маңызды нысан саналатын республикалық маңызы бар «Хан Ордасы» мұражай-қорығына апаратын 21 шақырым жол да жаңартылды. Бұл өңірге келетін қонақтар үшін қолайлы қатынасты қамтамасыз етеді, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беретінін атап өтті. Жолдар мен вокзалдардың сапалы жөндеуі тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қатынасты жеңілдетіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын болады.

