14-26 сәуір аралығында өткен бұл айтулы шара жастардың кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерді.
Чемпионаттың мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттап, кәсіби дағдыларды дамыту арқылы еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау. Сайыста 430-дан астам студент бақ сынады. Байқау қатысушылары 59 құзыреттілік бойынша сайысқа түсті.
– Бұған дейін әрбір колледжде чемпионаттар өтті. Жарыстың жеңімпаздары жиналып отыр. Кейбір құзыреттіліктер колледждердің базасында өтсе, теннис орталығы базасында үш күн қатарынан 20-ның үстінде құзыреттілік бойынша өтті. Мұнда кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері жиналып отыр. Бұл жарыстың ішіне құрылыс, IT, сервис мамандықтары кіреді. Бұл – халықаралық қозғалыс. «Жұмысшы қолдау» олимпиадасы деп те атайды. Бүкіл әлемде өтеді. Соңғы әлемдік чемпионатта облысымыздың түлегі Руслан Юсупов жоғары деңгейде орын алып, вебтехнологиялар құзыреті бойынша біліктілігін көрсетті, – дейді облыстық әдістемелік орталығы директорының орынбасары Әли Масалимов.
Жарыстың жабылу салтанатында облыстық білім басқармасы басшысы Елдос Сафуллин үздіктерді марапаттады. Жеңімпаздарға марапаттарды құрметті қонақтар, табыстады. Олар: облыстық мәслихат депутаты Тұрарбек Тлемисов, ЖК «Жандауов» кафесінің директоры Ақжол Жандауов, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айгүл Абулхайрова, «WorldSkills Kazakhstan» Бас ассамблеясының Техникалық комитеті төрағасы Али Масалимов, «IT Group Kazakhstan» ЖШС директоры Михаил Дудниченков.
Командалық сайыс жеңімпаздарын кәсіби білім беру саласының ардагері Шалқыма Курманалина марапаттады. Турнирде І орын – Орал ақпараттық технологиялар колледжіне, ІІ орын – Жоғары аграрлық-техникалық колледжіне, ІІІ орын – Жоғары инженерлік-технологиялар колледжіне бұйырды.
Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық чемпионатқа жолдама алады. Ел біріншілігі күзде өтеді.