Қазақстанда энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында маңызды келісім жасалды. Ақтау қаласында қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу туралы инвестициялық жоба іске асырылмақ, деп жазады Ertenmedia.kz.
Келісімге ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «Ақтау энергетика компаниясы» ЖШС басшысы Гэ Личунь қол қойды. Бұл компания 2024 жылы Қытайдың ірі энергетикалық корпорацияларының бірі China Huadian Corporation қатысуымен құрылған.
Жобаның жалпы құны шамамен 108 млрд теңгені құрайды. Қаржыландырудың басым бөлігі – 70 пайызы қытайлық серіктес есебінен қамтамасыз етіледі. Қондырғы Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының аумағында салынып, 2027 жылдың маусымында іске қосылады деп жоспарланған.
Жоба аясында 300-ден астам жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар кадр даярлау мәселесіне ерекше мән берілген. Қазақстандық мамандарға Қытайдың жоғары оқу орындарында «Электр энергетикасы» бағыты бойынша магистратурада білім алуға жыл сайын гранттар бөлінеді. Бұдан бөлек, қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен үздіксіз оқыту жүйесі енгізіледі.
Келісім мерзімі аяқталғаннан кейін бу-газ қондырғысы «МАЭК» ЖШС балансына тегін беріледі. Бұл өңірдің энергетикалық әлеуетін күшейтіп, инфрақұрылымды жаңартуға мүмкіндік береді.
Жоба Маңғыстау облысындағы электр қуаты тапшылығын азайтып, тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар батыс өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.
Жалпы елімізде қазіргі уақытта төрт бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Қызылорда облысында 240 МВт қуаттағы жоба іске қосылу сатысында тұр. Түркістан облысында 1 ГВт болатын ірі станция салынуда. Алматы қаласында ЖЭО-2 және ЖЭО-3 базасында жалпы қуаты 1,1 ГВт болатын жаңа бу-газ қондырғылары тұрғызылып жатыр.
Бұл жобалар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан тиімді әрі тұрақты энергия көздерін дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







