Қазақстан уранға бөгіп жатқан «Буденов» кенішінің бақылауын толықтай өз қолына алды деп жазады Ertenmedia.
Бұған дейін кен орнын басқаруда «Росатомның» келісімі қажет еді. Енді негізгі шешім қабылдау құқығы Қазақстан тарапына өтті.
Келісімнің егжей-тегжейі «Самұрық-Қазынаның» есепті құжатында жарияланған. Қазақстан кенішті басқару тетігін өзіне қайтару үшін ешқандай төлем жасамаған.
Ресми үлес бұрынғыдай 51 пайыз күйінде қалғанымен, енді кеніштің жұмысын реттеу (өндірістік шешім қабылдау) үшін Мәскеудің мақұлдауын күтіп отырмаймыз. Бұрын екі тарап міндетті түрде келісіп шешкен мәселелерді ендігіде Қазатом көпшілік дауыс негізінде өз бетінше қабылдай береді.
Өндірістік бақылаудың Қазақстанға өтуіне байланысты бірлескен кәсіпорындағы отандық үлестің нарықтағы құны қайта есептеліп, нәтижесінде ел бюджетіне бір реттік 295,7 млрд теңге пайда түскен.
Осы мәміле бойынша бірлескен кәсіпорын активінің бағалау құны да өсіп, қазіргі нарықтық бағасы 707,1 млрд теңгеге жетті.
Кеніштің стратегиялық маңызы зор. Жалпы қоры 114 мың тонна уранға бағаланып отыр. Бұған дейін «Қазатом» осы кеніштің 18 мың тонна ураны бар қосымша учаскесін пайдалануға құқық алған.
«Буденов» уран кеніші Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан. «Росатом» кеніштің 49 пайыз акциясына иелік етеді.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша ресейлік алпауыт «Самұрық Қазынаға» 1,6 млрд доллар санап берген. Келісімді «Газпром» қаржыландырған. Орыстар 2045 жылға дейін кеніштің қызығын көрмек. «Буденовтегі» барланған уран қоры 250 мың тоннадан асып жығылады.
Осыдан екі жыл бұрын Bloomberg «Қазатомпромның» экс-басшылығы: бас директор Ғалымжан Пірматов, басқарма төрағасы Мәжит Шәріпов, бас операциялық директор Асылан Бөлекбай және басқа да топ-менеджерлер кенішті ресейлік монополиске сатуға қарсы болғанын жазған еді.
Себеп: құпия, астыртын жасалған келісімнің мән-жайы белгілі болса, таяқтың бір ұшы өздеріне тиеді деп алаңдаған. Ресейлік монополиспен келіссөз жабық есік жағдайында жүрген.