Мыңдаған сайт, миллиардтаған айналым, том-том қылмыстық іс. Бүгінгі таңда қазақстандық ойын нарығының ішкі жағдайы дәл осындай.
Бұл мәселені аз да болса бақылауда ұстау үшін Қаржылық мониторинг агенттігі бірқатар мемлекеттік органдармен тұрақты түрде жұмыс істеп және де тиісті шараларды қабылдап келеді.
Мәселен жыл басынан бері заңсыз құмар ойындары бар 15 мың сайт бұғатталды, жалпы айналым 2,3 млрд теңгені құрайтын 12 онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды, 10 қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде онлайн-казино мен лотерея жарнамасы үшін 156 әкімшілік хаттама жасалып, 113 адам жауапқа тартылды, олардың ішінде блогерлер де бар. Маңғыстау облысында 2000-ға жуық адамның қатысуымен 162 млн теңгеге «лотерея» ұйымдастырған блогерге қарсы істі ешкім ұмыта қойған жоқ.
Атышулы мысалдар өте көп: құқық қорғау органдары «Олимп КЗ», «Альфа-бет» және «Онли-бет» сияқты кеңселердің қызметін тоқтатты. Тек осы үш компания бойынша айналым – таңқаларлық 400 миллиард теңгені құраған, оның 113 миллиарды елден шығарылды. Әлеуметтік бағдарламалардың орнына бұл ақша криптовалюта мен оффшорға аудару арқылы біреудің қалтасына түсті.
Қазақстандағы құмар ойындар нарығы көптен бері түсінікті ереже мен технологиялық реттеу құралдарын талап етіп келеді. Бұғаттау, қылмыстық істер және әкімшілік шаралар проблеманың нақты және ауқымды екенін көрсетеді.
Бұл алдын алу шаралары емес бұл тек реакция. Сондықтан Қазақстанда «Бірыңғай есепке алу жүйесінің» іске қосылуы қолға алынды.
Платформаны енгізу – құмар ойындарды көлеңкеден шығару және барлық қатысушылар үшін бірыңғай ережелерді қамтамасыз ету үшін қажетті шара. Бұл тұрғыда мемлекеттік реттеу тек әкімшілік шара ғана емес, қоғамды қорғау құралына айналады.