Қазақстан мен әмірикалық Chevron компаниясы Теңіз кенішінің болашағын талқылауды бастап кетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемдегі ірі мұнай жобаларының бірі саналатын кен орнын игеруге қатысты қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталуға тақау.
«2033 жылы қазіргі контракт күшін жояды, ал оның ары қарай жалғасуы Ақорда үшін шешуші мәнге ие», — деп топшылайды New York Times.
Chevron осы уақытқа дейін кенішті кеңейтуге 48 миллиард доллар инвестиция құйып тастаған. Бұл бастапқы жоспарланған бюджеттен 11 миллиард долларға көп. Сарапшылар Теңізді «Қазақстан мен Батыс мұнай алпауыттарының әріптестік символы» деп атайды. Кеніш қазірдің өзінде ел экономикасына орасан зор пайда әкеліп отыр: күн сайын миллион баррель шамасында мұнай беретін жоба Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді.
Бірақ бір кілтипан бар…
Келіссөздер тығырыққа тіреліп, бұрынғыдан күрделі жағдайда жүріп жатыр. Украина дрондарының Ресейдегі Новороссийск портына жасаған жорығынан кейін, қазақ мұнайының басты экспорт бағыты саналатын Каспий құбыр консорциумының жұмысы бірнеше мәрте тоқтап қалған. Салдарынан Ақорда үшін геосаяси һәм логистикалық тәуекелдер күрт артқан.
Одан бөлек, Қазақстанның ОПЕК+ ұйымындағы әріптестерімен де алауыздығы күшейе бастаған. Ұйым мүшелері Астананы белгіленген квотаны асырып, мұнайды артық өндіріп жатыр деп айыптауда.
Сарапшылардың айтуынша, Chevron компаниясы Теңіз жобасынан кетер болса, өндіріс көлемі күрт төмендеуі мүмкін. Әңгіме ақшада емес, технология мен менеджментте. Кенішті басқарудағы әлемдік деңгейдегі мамандарды алмастыру Қазақстанға оңайға соқпайды.
«Мәселе инвестиция көлемінде ғана емес, аса күрделі технология мен кәсіби басқаруда жатыр. Chevron-ның кетуі Қазақстан экономикасының ең маңызды саласының өнімділігіне тікелей әсер етеді», – дейді S&P Global Commodity Insights ұйымының Еуразия бойынша энергетика директоры Метиу Сейджерс.
Теңіз қойнауындағы бұғып жатқан байлық
Chevron өкілдері болса Теңіздің әлеуеті әлі толық ашылмағанын айтады. Компания менеджері Эндрю О’Коннордың сөзінше, кеніште мұнай өндіру көлемі тұрақты өсіп келеді.
«Біз өңдеу қуатын арттырдық, зауыттар қазір кеніш әлеуетімен толық үйлесімде жұмыс істеп тұр», – дейді ол.
Қалай десек те, алдағы келіссөздер Қазақстан үшін шешуші кезең болмақ.
«Себебі ел экономикасының ең маңызды бөлігінің тағдыры шешіледі. Chevron-мен арадағы келісімнің қандай шартпен жалғасатыны немесе басқа инвестордың келу мүмкіндігі қазіргі келіссөздердің басты интригасы», — дейді осы тұста Ertenmedia-ның тұрақты спикері Айбар Олжай.
Бұған дейін депутат Бапи мәжілістің мұнай кен орындары, әсіресе Қашаған бойынша келісімді қайта қарауға дайындалып жатқанын мәлімдеген. Сайтымыздың тілшісі мәжілісте Назарбаев қол қойған ескі папкілердің беті ашылатынын егжей-тегжейлі жазған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

