Саясаткер Болат Әбілов білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлық мәселесіне қатысты ойын ашық айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгінде Қазақстандағы білім беру, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамтамасыз ету салалары жемқорлық ең көп таралған бағыттар қатарында тұр. Осыған орай Үкімет басшысы Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медицина ұйымдарын субсидиялау кезіндегі алаяқтыққа қарсы шараларды бір апта ішінде дайындауды тапсырды.
Әбілов сипаттаған жемқорлық инерциясы
Болат Әбіловтің пікірінше, жемқорлық жүйенің ажырамас бөлігіне айналып кеткен салада бір аптада нақты нәтиже беретін шешім табу мүмкін емес. Ол білім саласындағы министрліктің бірнеше рет бөлінгенін, басшылар ауысқанын, сан түрлі стратегиялар мен жол карталары қабылданғанын еске салып, алайда мұның ешқайсысы жемқорлықты түбірімен жоя алмағанын ашық айтты.
– Білім саласындағы жемқорлық ең қауіпті әрі жойқын түрі. Себебі, оның зардабы бірден емес, бірнеше жылдан кейін білінеді. Ол адам капиталының сапасы арқылы көрініс береді, – дейді саясаткер.
Сарапшылардың пікірінше, жемқорлыққа қарсы құндылықтар білім беру процесіне толық енгізілуі тиіс. Дегенмен білім беру мекемелері өздері осы ережеге сай келмесе, оқушыларға жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалай сіңірмек?
Ал денсаулық сақтау саласына келсек, мұндағы жағдай мүлде күрделі екенін айтты Болат Әбілов. Бұл салада қарапайым дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтарды сатып алудан бастап, медициналық қызметтерді негізсіз көбейту мен бюджет қаржысын жымқыруға дейінгі заңсыздықтар жиі кездеседі.
– Мұны ерекше цинизм демеске шараң жоқ. Өзгенің дерті мен осалдығынан, шарасыздығынан пайда табу деген сөз, – деп атап өтті саясаткер.
Болат Әбілов жемқорлықты қысқа мерзімді тапсырмалармен жеңу мүмкін еместігін баса айтты. Оның сөзінше, салада толық цифрлық ашықтық орнатылмай, нақты қылмыстық істер қозғалмай және шенеуніктер жеке жауапкершілікке тартылмай, бұл мәселенің шешілуі қиын. Әйтпесе, тек орындаушылар мен тапсырмалардың мазмұны ауысқанымен, жемқорлық жүйенің өзі өзгеріссіз қала береді, дейді саясаткер.
Бұған дейін «Ақ жол» партиясы премьер Олжас Бектеновке шекарадағы жемқорлықты тез арада шешуді талап еткен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

