Әлемде ақпараттық технологиялар тез қарқынмен дамып, жасанды интеллект күнделікті өмірдің барлық саласына терең еніп жатыр. Көптеген елдер экономиканың жаңа бағыты креативті индустрияны басты назарға алуда.
Мұндай жағдайда ұлттық цифрлық контентті дамытып, нығайту тек ақпараттық қауіпсіздік пен тәуелсіздікті сақтау емес, сонымен қатар жаһандық цифрлық монополияға тәуелділікті азайтудың маңызды стратегиялық қадамы болып табылады.
Президент Қ.Тоқаев: «Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі» деп атап өткен болатын.
Жаңа заманның сын-қатерлеріне уақытылы жауап беру және әлемдік технологиялық үрдістерден артта қалмау үлкен жауапкершілік пен жедел реформаларды талап етеді. Бұл бағытта әр салада түрлі жұмыстар жүргізілуде. Отандық ТВ+ платформасы соның айқын мысалы. Бұл жоба қазақша контенттің көлемін ұлғайтып, киноөндірісті дамытып, білім беру арқылы қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда.
Қазақша контент – уақыт талабы
Мемлекеттің креативті индустрияны дамытудағы маңызды бағыттарының бірі – қазақ тіліндегі сапалы дубляж өндірісін кеңейту. Фильмдер мен мультфильмдер, телесериалдар мен анимациялық жобалардың қазақша нұсқалары тек тілдік ортаны байытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды заманауи форматта жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шетелдік туындыларды жергілікті көрерменге «ұлттық көзқарас» тұрғысынан таныстыруға жол ашады.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға, оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажет екенін айтып жүр.
TV+ жобасы аясында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Қазір платформада қазақ тілінде дубляждалған мультфильмдер мен фильмдердің саны тұрақты түрде өсуде. Мысалы, TV+ арқылы алғаш рет Walt Disney студиясының танымал фильмдері мен анимациялары қазақ тілінде дыбысталып, көрерменге тегін ұсынылды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихында әлемдік студия өнімдерінің қазақша нұсқаларын жүйелі түрде жеткізудің алғашқы тәжірибесі болып табылады. Қазіргі уақытта платформада Disney-дің қазақша дубляждалған 60 фильмі бар, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 87-ге жетпек.
Disney-дің қазақша дубляжы – тек мәдени оқиға емес. Бұл, сонымен қатар – идеология. Ұрпақтың бойына туған тілдің қадірін сіңіретін, ұлттық бірегейлікті бекітетін қадам.
TV+ деректеріне сенсек, биыл ең көп қаралған ТОП 100 тайтлдың 44-і қазақ тілінде, ал олардың жиынтық көрермен саны 416 мың бірегей қаралымға жетті. Бұл көрсеткіш – қазақ тіліндегі контент үшін тарихи рекорд. Демек, олар ұсынып отырған қазақ тіліндегі сапалы контент қоғамдық сұранысқа да толық жауап беретінін көрсетеді.
Басты мақсат – цифрлық теңсіздікті жою
Қазақстанның жаңа дәуірі – білім мен технологияның тоғысқан тұсы. Заманауи өзгерістер отандық білім беру саласына да жаңа міндеттер жүктеп отыр. «Қазақтелекомның» бұл бағытта да уақыт талабын тап басып, алдыңғылардың бірі болып трансформацияға ұмтылысын байқаймыз. Атап айтқанда, бұл жоба тек киноконтентпен шектеліп қалмай, білім беру бағытындағы мазмұнға ден қоя бастағаны қуантады.
Мәселен, mektep-online.kz бірлескен жобасы – осы стратегиялық міндетті жүзеге асыру жолында білім берудегі цифрлық контент жүйесіне жаңа серпін берген бастама.
Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп бар, онда 3,5 миллионнан астам оқушы білім алады. Сапалы білім – әр баланың құқығы дейтін болсақ, олардың бәріне бірдей сапалы білім ұсыну үшін цифрлық құралдар аса қажет. «TV+ платформасында «Back to school» акциясымен ұсынылып отырған бейнесабақтар сырқаттанып сабақтан қалып қойған немесе мектепте білім алуға мүмкіндігі шектеулі балаларға Қазақстанның қай түкпірінде өмір сүрсе де, ата-анасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сыныптағы материалды толық меңгеруі үшін тең мүмкіндік береді»,-дейді TV+ жобасының контент-директоры Сандуғаш Рахимжанова.
Жоба тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де үлкен көмекші құрал болып отыр. Платформада математика/алгебра, физика, химия, биология, геометрия пәндері бойынша барлығы 5536 бейнесабақ қазақ және орыс тілдерінде ұсынылып отыр. Одан бөлек, әдістемелік нұсқаулықтар, жаттығу тапсырмалары мен тесттер бар.
Бұл – мұғалімнің уақытын үнемдеп, сабақ сапасын арттыратын мүмкіндік. Ал ата-аналар үшін баласының білімін бақылап отырудың қосымша тетігі.
Платформаның ең басты ерекшелігі – оны қолдану үшін күрделі қосымшалар орнатудың қажеті жоқ, браузер арқылы кіруге болады. Сондай-ақ, курстарды оқу жоғары жылдамдығы бар интернетті қажет етпейді.
Мемлекет басшысы «Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады» деген болатын. Міне, mektep-online.kz Президенттің осы ұстанымына толық үндес келетін жоба.
Ұлттық контентті дамыту – жай ғана мәдени бастама емес, ол – мемлекеттің идеологиялық тірегі, тілдің болашағын айқындайтын, жаңа ұрпақтың құндылықтарын қалыптастыратын стратегиялық міндет. Сондықтан цифрлық теңсіздікті жою, қазақша контенттің үлесін арттыру және Жаңа Қазақстанның құндылықтарын экран тілімен жеткізу – ел дамуының жаңа дәуіріндегі басты бағдарға айналмақ.