Қазақстанда тағы бір ірі өндірістік жоба жүзеге асырылмақ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясы Ақтөбе қаласында төртінші зауыт салу туралы шекті келісімге қол қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Келісім Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR) алаңында жасалып, жобаны іске асыруға ұлттық Kazakh Invest компаниясы қолдау көрсетуде.
Жаңа зауыттың құрылысы 2026 жылы басталады деп жоспарланған. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін өңірде 120-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба экологиялық талаптарға сай жүзеге асырылады. Өндірісте халықаралық стандарттарға сәйкес қалдықтарды басқару жүйесі енгізіліп, тұрақты өндірістік модель қалыптастырылады.
Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчель бұл келісімді Қазақстандағы ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі ретінде бағалады.
«Ақтөбедегі жаңа зауыт – компания үшін маңызды қадам. Бұл біздің өндіріс географиясын кеңейтіп қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады», – деді ол.
Қазіргі таңда компанияның 12 елде 36 зауыты жұмыс істейді. Қазақстанда үш өндіріс орны – Алматы, Астана және Шымкент қалаларында орналасқан.
Сарапшылардың айтуынша, Шымкенттегі 27 млрд теңгелік жаңа зауыттың іске қосылуынан кейін қысқа мерзім ішінде тағы бір жобаның қолға алынуы – компанияның Қазақстан нарығына деген сенімін көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Бұл – мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің нақты нәтижесі. Жоба өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Біз халықаралық инвесторларды қолдауға дайынбыз», – деді министр.
KGIR алаңындағы бұл келісім Қазақстан мен халықаралық бизнес арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейге шыққанын аңғартады.
Coca-Cola компаниясы Қазақстанда 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ел экономикасына 106 млрд теңгеден астам инвестиция салып, бюджетке 259 млрд теңгеден астам салық төлеген. Компанияның жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі шамамен 475 млрд теңгені құрайды.
Ақтөбедегі жаңа зауыт – тек өндірістік нысан емес. Бұл – өңір экономикасының дамуына серпін беретін және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды жоба.
Балықты «миға пайдалы тағам» деп бекер айтпайды. Оның құрамында ағзаға аса қажет Омега-3 май қышқылдары бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







