Түркістан облыстық офтальмология ауруханасының басшысы Чингиз Сеилбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған стратегиялық басымдықтарға қатысты пікір білдірді,- деп жазады Ertenmedia
— «Президент Жолдауында еліміздің дамуы үшін маңызды стратегиялық бағыттар айқындалды. Соның ішінде ерекше мәнге ие бағыт – салаларды технологиялық жаңғырту. Әсіресе, медициналық тәжірибеге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген жүйелерді енгізу өзекті болып отыр.
Бұл бастамалардың жүзеге асуы денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі өзгертеді. Жасанды интеллектке негізделген диагностикалық жүйелер мен телемедицина платформалары медициналық көмектің қолжетімділігі мен дәлдігін арттырады. Клиникалық процестердің цифрландырылуы емдеу мекемелерінің жұмысын оңтайландырып, медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейінде өзара сабақтастықты жақсартады.
Болжамды медицинаны дамыту да аса маңызды. Үлкен деректер мен жасанды интеллект алгоритмдері ауруларды ерте болжауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ геномика мен жасанды интеллект талдауына сүйенген жекелендірілген емдеу тәсілдері медициналық көмектің жаңа стандартына айналады.
Әлемдік үрдістерге сай денсаулық сақтау жүйесінің технологиялық жаңғыруы халық денсаулығын жақсартуға және қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға берік негіз қалайды», – деді дәрігер.