Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Барлық» базары маңындағы бірқатар маңызды инфрақұрылым жобаларымен танысты. Қалада көлік жүйесін жаңарту мен инженерлік желіні күшейту жұмыстары жалғасып жатыр. Әкімнің назарындағы ең ірі жобалардың бірі метроның бірінші желісін әрі қарай дамытуға қатысты құрылыс, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоспар бойынша «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейінгі аймақта ұзындығы шамамен 5,3 шақырымдық жаңа тоннельдер салынады. Сол жол бойында үш жаңа метро станциясы ашылмақ. Бұл бағыт іске қосылғанда батыс аймақтардың қала орталығына қатынауы әлдеқайда жеңілдейді.
«Барлық» базары аумағында үлкен көлік торабы салынатыны да айтылды. Онда метро станциясы, қалааралық автобекет, жеңіл рельсті көліктің аялдамасы және автотұрақ бір жерге біріктіріледі. Мұндай торап жолаушыларға түрлі көлік түріне тез ауысуға мүмкіндік береді.
Сапар кезінде әкім ауызсу бойынша ірі жобаға да тоқталды. «Ақжайық (Барлық)» су алу қондырғысы Наурызбай және Алатау аудандарындағы 80 мыңнан астам тұрғынға тәулігіне 43 мың текше метрге дейін таза су жеткізе алады. Бұл батыс жақтағы су тапшылығын айтарлықтай жеңілдетеді.
Дархан Сатыбалды метро құрылысымен байланысты жер телімдерін келісу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан уақытында өткізу, көлік торабының қауіпсіздігі мен тұрғындарға қолайлылығын басты назарда ұстау керектігін айтты.
Әкім су алу қондырғысының құрылысын да ерекше бақылауда ұстайтынын атап өтті.

