Қазақстанда ақ нан дастарханның негізгі бөлігі. Көп адам күн сайын ақ нан тұтынады. Бірақ дәрігерлер мен сарапшылар оның пайдасы мен зияны адамның өмір салты мен денсаулығына тікелей байланысты екенін айтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақ нан толықтай зиян деп айту дұрыс емес. Ол ағзаға тез сіңетін көмірсулардың көзі. Сондықтан белсенді өмір салтын ұстанатын адамдарға, әсіресе балалар мен спортшыларға энергия береді.
Алайда мәселе мөлшерде. Ақ нанның гликемиялық индексі жоғары. Яғни оны жеген кезде қандағы қант тез көтеріледі. Егер адам аз қозғалып, көп калория жұмсамаса, бұл энергия майға айналып, артық салмаққа әкеледі.
Қазақстанда кең таралған тамақтану үлгісінде нан көбіне ет және картоппен бірге тұтынылады. Дәрігерлер мұндай комбинацияны дұрыс деп санамайды. Себебі «ет + ақ нан» асқазанда ауырлық тудырып, ас қорытуды баяулатады.
Ақ нанды кешкі уақытта, әсіресе ұйықтар алдында жеу де ұсынылмайды. Бұл кезде ағзада зат алмасу баяулап, май жиналу қаупі артады.
Мамандар ақ нанды көкөніс, сорпа немесе сүт өнімдерімен бірге тұтынған дұрыс екенін айтады. Сонымен қатар рационда талшыққа бай тағамдардың болуы маңызды. Өйткені ақ ұн өңдеу барысында пайдалы дәрумендер мен клетчаткадан айырылады.
Қазақстанда соңғы жылдары толық дәнді, кебекті және қара бидай нанына сұраныс артып келеді. Бұл дұрыс тамақтануға бетбұрыс бар екенін көрсетеді. Кей адамдарға ақ нанды шектеу қажет. Әсіресе қант диабеті, семіздік немесе аз қимылдайтын өмір салты бар адамдар үшін. Ал целиакия (глютенге төзбеушілік) кезінде ақ нан мүлде қарсы көрсетілген.
Сонымен бірге кей асқазан ауруларында, мысалы гастрит немесе ойық жара кезінде, керісінше, кепкен немесе кешегі ақ нан жеңіл қорытылатын өнім ретінде ұсынылады. Жасы үлкен адамдарға да ақ нанды көп жеу ұсынылмайды. Оның орнына дәрумен мен талшыққа бай қара бидай немесе толық дәнді нанды таңдаған дұрыс.
Ақ нанды толықтай алып тастау міндетті емес. Бірақ оны басқа көмірсулармен алмастыруға болады. Мысалы, ботқа, бұршақ, макарон немесе картоп. Қорытынды біреу: ақ нан – күнделікті тағам, бірақ мөлшерін бақылау керек. Қазақстандағы дәстүрлі ас мәдениетін сақтай отырып, оны дұрыс тұтыну – денсаулықтың негізгі шарты.
Ұйқы безінің қабынуына қарсы зерттелген ең тиімді дәмдеуіш – куркума. Оның құрамындағы куркумин қабынуды тудыратын NF-kB және COX-2 молекулаларын тежеп, антиоксиданттық және қабынуға қарсы әсер көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







