Бас прокуратура Біріккен Араб Әмірліктерінен атышулы «Дикий Арманның» сыбайласын экстрадициялады. Бұл туралы ведомствоның ресми хабарламасында айтылған деп жазады Ertenmedia.
Экстрадицияланған күдіктіге 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, Арман Жұмагелдиев («Дикий Арман») басқарған топтың белсенді мүшесі болды деген айып тағылуда.
Прокуратураның мәліметінше, күдікті Қаңтар оқиғасынан кейін із жасырып, үш жылға жуық халықаралық іздеуде жүрген. Оны Қазақстанға қайтару Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен іске асқан. Күдіктінің аты-жөні жарияланған жоқ.
Қазіргі уақытта ол Астана қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Егер тағылған айып дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Арман Жұмагелдиевтің тағы бір сыбайласы мен оның қылмыстық тобының мүшелері рэкет әрекеттері үшін ұзақ мерзімге сотталған болатын. Ал «Дикий Арманның» өзі Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді.