Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бюджеттік ұйымдардағы техникалық қызметкерлердің, соның ішінде еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының жалақысын көтеруді ұсынды. Депутаттың бұл бастамасы халық тарапынан қолдауға ие болды.
Осы тұста ErtenMedia депутаттың өзімен тілдесіп, бұл жұмыстар алда қалай жалғасын табатынын сұрады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-2025 жылдар аралығында жалпы азаматтардың, оның ішінде азаматтық қызметшілер және техникалық қызметшілердің жалақысын жыл сайын 20 пайызға арттыруды тапсырған болатын. Біздің депутаттық сауал осы тапсырманың орындалуын қоғамдық бақылау деп тану қажет», — деді Мәжіліс депутаты.
Жұлдыз Сүлейменова азаматтар тарапынан шағым, сұрақ болғанын да жасырмады.
«Мектептерді аралаған кезде осы мектептердегі еден жуушылар, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электриктер тарапынан сұрақ болғаны рас. Бұған дейін 82 мың теңге жалақы алатын болса, бүгінгі таңда біздің депутаттық сауалымыздан кейін ең төмені 94 мың теңгеге дейін өскенін айтып жатыр. Кейбір өңірлер 10 пайыз, кейбір өңірлер 15 пайыз, кейбір өңірлер 20 пайызға дейін өсірген. Үкімет қаулысында Мәслихатқа өңірдегі жергілікті бюджеттің экономиясы аясында да азаматтық қызметшілердің жалақысын көтеруге құқық беріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені шешуде алдағы уақытта да атсалысамыз», — дейді ол.
Депутат бұған дейін де, жақын күндері де кітапханашылар мәселесін де тілге тиек етті. Оның сөзінше, кітапханашыларға қатысты бірнеше мәселе бар.
«Біріншісі: мәдениет саласындағы кітапханашы мен білім саласындағы кітапханашының жалақысында едәуір айырмашылық бар. Сол айырмашылықтан білім саласындағы кітапханашылар мәдениет саласындағы кітапханаға кетіп жатыр», — деді ол.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, кітапханашылардың жұмысына қатысты мәселе де маңызды.
«Екінші мәселе: мектептегі кітапханашылар жылдың басында кітап береді, оқулық таратады, жылдың аяғында оқулық жинап алады. Мектептің дамуы, балалардың оқу сауаттылығын арттырудағы олардың құзыреттіліктерін дамыту қажет. Осы мәселе де өзекті болып тұр. Бұл мәселеге бірнеше депутаттық сауал жолдадық.
Депутаттық сауалдар жайлап шешімін тауып жатыр. Айлық мәселесі Үкіметтің құзырында. Премьер-министрдің әлеуметтік сала бойынша орынбасарына да бұл мәселені айттық. Алдағы уақытта бюджет қаралған кезде бұл мәселені тағы да көтереміз. Шешімге атсалысамыз», — деп сендірді ол.
Депутат өзінің ұсыныстарын әріптестері қолдап отырғанын жеткізді.
«Бұл жерде тек жалақыны көтеру емес, жұмыстың мазмұнын өзгертуге байланысты да сұрақтар бар. AMANAT партиясы фракциясының депутаттары кітапханашылардың мәселелерін үнемі көтеріп келеді, ал өзектілігі жоғары бұл мәселені басқа партия депутаттары да қолдайды.
Биыл Мемлекет басшысы еңбек адамдарының жылы деп жариялады. Сондықтан да жұмысшы мамандарының жылының аясында бұл мәселе егжей-тегжейлі шешілуі қажет деп санаймыз», — деп түйіндеді ол сөзін.