Қостанай қаласында өткен Ақ жол партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы биылғы саяси өмірдің елеулі оқиғасына айналды. Елдің түкпір-түкпірінен келген халық қалаулылары мен партия мүшелері бір алаңда бас қосып, ел дамуы мен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Партия төрағасы Азат Перуашев форумда белсенді мүшелерге жоғары мемлекеттік наградалар мен партиялық марапаттарды табыстап, әр аймақтан келген депутаттардың тәжірибесі мен қоғамдық еңбегін атап өтті.
Форумның басты өзегі – партияның елдің саяси жүйесіндегі жауапкершілігін күшейту және аймақтардағы халықтың мүддесін нақты іспен қорғау.

Соңғы жылдары «Ақ жол» партиясы тек парламенттік мінберде ғана емес, жергілікті мәслихаттар деңгейінде де өз позициясын айқын көрсете бастады. Партия қатарында шағын және орта бизнестің өкілдері, заңгерлер, ауыл әкімдері мен қоғамдық ұйым жетекшілері бар. Форумда сөз алған Сергей Горяной, Евгений Кинцель, Қайрат Боранбаев, Ержан Хасанов сынды аймақ депутаттары өз өңірлеріндегі тәжірибені ортаға салып, бизнесті дамыту, ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

Әсіресе кәсіпкерлер мен депутаттардың бірлесе жұмыс істеуі қоғамдағы тұрақтылық пен әділ бәсекенің басты кепілі екені айтылды.
Азат Перуашев өз сөзінде ел дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсету дәстүрін партия саясатының маңызды бөлігі ретінде атап өтті.

Марапатталғандардың қатарында Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мұхтар Шимиров, Жамбыл облысының кәсіпкері Серік Мақажанов, заңгер Евгений Кинцель, Павлодар өңірінің өкілі Азамат Өтепбаев, Түркістандық Ардақ Мансұров сияқты елге танымал тұлғалар бар. Олар алған «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын өз еңбектерінің ғана емес, қоғам тарапынан сенім мен мойындаудың белгісі деп қабылдады.
Сондай-ақ форумда партияның жастар қанаты мен өңірлік филиалдарының жұмысы да жоғары бағаланды. Ханза Насруллаев бастаған жас белсенділер қоғамдық жобаларды іске асырып, жаңа буынның саяси мәдениетін қалыптастыруда еңбек етіп келеді. Партияның Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарындағы филиалдары үздік деп танылып, арнайы марапаттарға ие болды.

Бұл – партияның өңірлік саясатта жүйелі түрде жұмыс істеп, қоғаммен тікелей байланыс орнатуға ұмтылып отырғанының айғағы.
Қостанайдағы форум «Ақ жолдың» дәстүрлі имиджін жаңартып, саяси және әлеуметтік жауапкершілікті қатар алып жүрудің үлгісін көрсетті. Партияның негізгі ұстанымы – елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайту, кәсіпкерлікке еркіндік беру, әрбір азаматтың еңбегін бағалау. Форумда айтылған пікірлер мен ұсыныстар алдағы саяси науқан мен өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық бастамаларда өз жалғасын табары сөзсіз.

