Конституциялық Сот ұсынған деректерге сүйеніп, сарапшы Асхат Қасенғали жаңа Конституциядан кейінгі құқықтық түсіндірменің мәнін талдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Сотқа сұрау салып, 1995 жылғы Конституция бойынша мемлекеттік лауазым атқарып отырған адам жаңа Конституция қабылданғаннан кейін сол қызметке қайта сайлана немесе қайта тағайындала ала ма деген сауал қойған.
Асхат Қасенғалидың айтуынша, бұл жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін туындаған заңды сұрақ. Кез келген мемлекетте конституциялық өзгеріс қабылданған соң мемлекеттік басқару жүйесі жаңа талапқа бейімделеді. Осындай өтпелі кезеңде заң нормасының мазмұны түсіндіріледі. Кейде құқықтық айқындық Конституциялық Сотқа жүгіну арқылы қамтамасыз етіледі.
Президенттің өтініші де осы тұрғыдан қарастырылған. Жаңа Конституция күшіне енген соң бұрынғы Негізгі Заң кезінде жоғары мемлекеттік қызмет атқарған азаматтардың мәртебесі қалай есептелетіні нақтылауды қажет етті. Олар қызметін жалғастыра ала ма, әлде жаңа тәртіп бойынша қайта сайланып, қайта тағайындалуы керек пе деген мәселе күн тәртібіне шықты.
Мұның салмағы жоғары. Себебі Жоғарғы Сот Төрағасы, Бас Прокурор, Конституциялық Сот Төрағасы мен судьялары секілді лауазымдарға бір реттік шектеу қойылған. Осындай норма Президент өкілеттігіне де қатысты. Сондықтан аталған баптарға байланысты Конституциялық Сотқа сұрау салу қалыпты құқықтық қадам саналады.
Болжамдаоға құқықтық жауап берілді
Конституциялық Соттың 2026 жылғы 7 шілдедегі №89-НҚ нормативтік қаулысында осы мәселеге нақты жауап берілді. Соттың түсіндіруінше, 1995 жылғы Конституция кезеңінде лауазымға сайланған немесе тағайындалған адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке қайта сайлана немесе қайта тағайындала алады.
Яғни бұрынғы Конституция кезіндегі қызмет жаңа Конституциядағы бір реттік шектеуді есептеу кезінде кедергі болып саналмайды. Мұндай жағдайда адамның жаңа Конституция аясындағы сайлануы немесе тағайындалуы алғаш рет жүзеге асқан болып есептеледі.
Осылайша, жаңа Конституциядан кейін айтылған бірқатар жорамал мен болжамға құқықтық жауап берілді. Конституциялық Сот өтпелі кезеңдегі мемлекеттік лауазымдарға қатысты өлшемді нақтылады.
Сарапшының пайымдауынша, билік мемлекеттік басқарудың жаңарған моделін қалыптастыруға ұмтылып отыр. Экономикалық, саяси және әлеуметтік саладағы шешімдерді жүйелі іске асыру үшін мемлекеттік жүйенің орнықты әрі болжамды болуы маңызды. Мұндай сабақтастық ішкі саясаттағы тепе-теңдікке де, сыртқы саясаттағы ұзақмерзімді жүрістерге де әсер етеді.
Қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енді. Ол Қазақстан аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып саналады және оған шағым жасалмайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







