Саясаттанушы Данияр Әшімбаев тамыздың соңғы күніндегі кадрлық ауыс-түйісті бұрынғы саяси бағыттың жаңа конституциялық қалыпқа бейімделуі деп бағалады. Оның пайымынша, жаңарған құрылымда Ерлан Қарин саяси үйлестірушіге, Олжас Бектенов атқарушы биліктің тірегіне, ал Аида Балаева қауіпсіздік блогындағы маңызды тұлғаға айналған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әшімбаев Тоқаевтың кадрлық шешімге келгенде болжап болмайтын әсер қалыптастыруға тырысатынын атап өтті. Соған қарамастан тамыздағы тағайындаудың астарынан сабақтастық байқалады.
Қариннің тұрақты өрлеуі
Саясаттанушы Ерлан Қариннің кейінгі жылдағы мансабын қазіргі саяси жүйеде сирек кездесетін тұрақты өсудің мысалы деп отыр. Ол Президенттің кеңесшісі, көмекшісі, мемлекеттік хатшы, мемлекеттік кеңесші, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен кейін вице-президент атанды.
Әшімбаевтың бағалауынша, Қарин биліктің идеологиялық бағытын қалыптастырып, үйлестіріп және қоғамға жеткізген негізгі тұлғаның бірі. Соның нәтижесінде жекелеген бастамалар ортақ президенттік курсқа біріктірілген.
«Қарин үлкен үйге бағытталған сын мен соққыны мақсатты түрде өзіне қабылдап отырды, алайда ешкіммен ашық текетіреске барған жоқ. Тоқаев? Қазіргі Президентпен жұмыс істеу өте қиын, ал оның сеніміне ие болу екінің біріне бұйырмайды. Елдегі екінші лауазымның Ерлан Қаринге сеніп тапсырылуы осыны көрсетеді», – деп жазды саясаттанушы.
Пікірінше, Қаринге идеологиялық дипломатия міндеті де жүктелген. Саясаттанушы Мәскеу, Тәшкент және Бейжіңмен сенімді саяси қарым-қатынас орнату жұмысын соның қатарына қосты.
Вице-президент ретінде Қарин енді Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және негізгі конституциялық институттармен байланысын қамтамасыз етеді. Әшімбаев мұны оның бұрынғы ықпал аясының заңдық тұрғыдан кеңеюі деп бағалап отыр.
Бектенов дербес ойыннан алшақ басшы ретінде сипатталды
Олжас Бектенов Үкіметбасы қызметін сақтап қалды. Әшімбаев оның Тоқаев кезеңіндегі мансабын алдын ала болжауға қиын болған тағайындаулар тізбегі деп сипаттады.
Бектенов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағалығынан Президент әкімшілігінің басшылығына, кейін Үкімет басына келді.
«Ол жақсы ұйымдастырушы, командалық ойыншы әрі беделіне дақ түспеген басшы саналады. Құрамы күрделі Үкімет пен орасан зор міндетті басқарып отыр. Соған қарамастан дербес саяси ойын жүргізбейді, жеке амбициясын немесе өзін жарнамалауға ұмтылысын көрсетпейді», – деді Әшімбаев.
Саясаттанушының пайымынша, Бектеновтің премьерлік қызметте қалуы атқарушы биліктегі бағыттың өзгермейтінін аңғартады. Президентке адал әрі тапсырманы орындауға бейім басшы Үкіметтің қазіргі құрылымын сақтап отыр.
Балаеваға қауіпсіздік блогы тапсырылды
Аида Балаеваның Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болуы Әшімбаев үшін тосын шешімнің бірі болған. Саясаттанушы Қауіпсіздік кеңесі аппаратының Президент әкімшілігі құрамынан шығарылуын және жаңа лауазымның енгізілуін аталған орган мәртебесінің күшеюі ретінде қарастырады.
Ол Балаеваны күрделі басқару бағыттарын қатар алып жүрген жүйелі әрі прагматик саясаткер деп сипаттады. Балаева бұған дейін Ақпарат министрлігін басқарып, Үкіметтің әлеуметтік блогына да жетекшілік етті.
«Қауіпсіздік кеңесіне тағайындалуы тосын көрінуі мүмкін. Алайда аталған салада идеологиялық және әлеуметтік сипаттағы қордаланған мәселе жеткілікті. Балаева осы бағытта өзін білікті маман ретінде көрсетті», – деді саясаттанушы.
Әшімбаевтың пікірінше, Балаева енді қауіпсіздік пен күштік құрылымдарға қатысты жұмысты саяси-әлеуметтік күн тәртібімен ұштастыруы мүмкін.
Жаңа билік конструкциясы қалыптасты
Саясаттанушының есебінше, негізгі тағайындаулар жасалғанымен, кадрлық қайта құру толық аяқталған жоқ. Халық кеңесі төрағасының қызметі әзірге бос. Сонымен қатар Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, әлеуметтік мәселеге жауапты вице-премьер және Мәдениет және ақпарат министрі орындарына жаңа тұлғалар келуге тиіс.
Әшімбаев жаңарған билік құрылымын былай сипаттады:
- саяси пирамиданың басында – Президент Тоқаев;
- Президенттің негізгі саяси үйлестірушісі – вице-президент Ерлан Қарин;
- Құрылтай басында – Айбек Дәдебай;
- Үкімет тізгіні – Олжас Бектеновте;
- Президент Әкімшілігін – Роман Скляр басқарады;
- қауіпсіздік блогындағы жаңа міндет – Аида Балаеваға жүктелді.
Саясаттанушы бұрынғы Тоқаев – Әшімбаев – Қошанов – Бектенов – Қарин – Дәдебай жүйесінің орнына Тоқаев – Қарин – Дәдебай – Бектенов – Скляр конструкциясы келгенін атап өтті.
Оның қорытындысына сүйенсек, биліктің жалпы бағыты өзгермеген. Алайда жаңа Конституция бұрыннан қалыптасқан ықпал мен міндетті қайта бөліп, Тоқаевтың ең сенімді серіктеріне жаңа мәртебе берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







