Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау талаптары түбегейлі өзгеріп, көмекке мұқтаж жандарды іріктеу критерийлері айтарлықтай қатаңдатылмақ. Үкімет басшысы Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, ал жаңа нормалар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, арнайы құрылған комиссиялар өтініш берушілердің ресми табысын ғана емес, мүлкін, банктегі салымдарын, жақында рәсімдеген несиелерін және төлем карталары бойынша шығындарын да жіті тексереді.
АӘК мөлшері қалай есептеледі?
Атаулы әлеуметтік көмек сомасы кедейлік шегі мен отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыстың арасындағы айырма ретінде белгіленеді. Әкімдіктер бұл шекті халықтың медианалық кірісі мен экономикалық мүмкіндіктерді ескере отырып, әр тоқсан сайын өңір бойынша дербес есептейді.
Егер жан басына шаққандағы кіріс кедейлік шегіне жетпесе, мемлекет айырмасын төлеп береді. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасының айлық ортақ табысы 100 мың теңге болса, әр адамға 25 мың теңгеден тиесілі. Өңірдегі кедейлік шегі 40 мың теңге деп есептелсе, әр адамға 15 мың теңге жетпейді. Нәтижесінде мемлекет бұл отбасына ай сайын 60 мың теңге көлемінде төлем тағайындайды.
Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері кедейлік шегі мен отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа табыстың арасындағы айырма ретінде белгіленеді. Егер жан басына шаққандағы кіріс осы межеден төмен болса, мемлекет жетпейтін қаражатты толықтырып береді.
Басты шарт – деректерді ашуға рұқсат беру
Мемлекеттік қолдауды ресімдеу үшін ең басты талап – отбасының барлық мүшесі дербес мәліметтерді тексеруге ресми келісім беруі керек. Мұнсыз өтініш қаралмайды.
Мемлекеттік органдар құжаттар мен отбасы құрамын, банк шоттары мен ақша аударымдарын, жинақтарды, сондай-ақ несие бюросындағы ай сайынғы төлемдер мен қалдық қарыздарды бақылайды.
Шартсыз және шартты көмектің парқы
Әлеуметтік төлем бұрынғыдай екі бағытта көрсетіледі. Біріншісі – шартсыз ақшалай көмек. Ол еңбек етуге мүмкіндігі жоқ жалғызбасты зейнеткерлерге, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға және екі айдан астам уақыт емделіп жатқан науқастарға тағайындалады. Сондай-ақ еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе үш жасқа дейінгі бала мен мүгедектігі бар жандарға күтім жасайтын жалғыз ересегі бар отбасыларға беріледі.
Екіншісі – шартты ақшалай көмек. Мұндай төлем еңбек етуге қабілетті мүшесі бар мұқтаж отбасыларға қарастырылған. Негізгі талап бойынша олар әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, жұмыспен қамту шараларына қатысуға, кәсіп ашуға немесе оқуға баруға міндеттеледі.
Қандай мүлік болса өтініш қабылданбайды?
Учаскелік комиссия отбасында белгілі бір мүліктер анықталған жағдайда көмек беруден үзілді-кесілді бас тартады:
– Меншігінде бірден артық тұрғын үй болса немесе соңғы бес жыл ішінде артық баспана сатылған болса (баспананың жалпы көлемі адам басына 18 шаршы метрден аз немесе апатты деп танылған жағдайлар есепке алынбайды);
– Пайда табуға арналған коммерциялық жылжымайтын мүлік бар болса;
– Дайын баспанасы бола тұра жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) арналған жер телімі болса (әкімдік тегін берген телімдер ерекшелік ретінде қарастырылады);
– Меншігінде бірден артық жүріп тұрған жеңіл көлік болса (көпбалалы немесе құрамында мүгедектігі бар азаматы бар отбасыларға екі жеңіл көлікке дейін рұқсат етіледі);
– Кез келген жұмыс істеп тұрған арнайы техника, жүк көлігі, автобус, шағын автобус, ауыл шаруашылығы көлігі немесе катер мен ұшақ болса.
Отбасында кез келген коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, ауыл шаруашылығы көлігі немесе 200 АЕК-тен асатын банк депозиті анықталса, әлеуметтік көмек беруден бірден бас тартылады.
Шығындар, несиелер және депозит талабы
Құжатта өтініш беруге дейінгі бір тоқсан ішіндегі қаржылық қозғалыстар бойынша да нақты тыйымдар белгіленген. Мысалы, төлем карталары мен шоттардан жұмсалған ай сайынғы орташа шығын жан басына шаққанда кедейлік шегінен асып кетсе, көмек берілмейді. Бұл ретте салықтар, сақтандыру жарналары және өз шоттары арасындағы аударымдар есептелмейді.
Сонымен қатар отбасы мүшелері ипотеканы қоспағанда, әр адамға айына 2 күнкөріс деңгейінен асатын сомаға несие немесе микроқарыз алған болса, өтініш қанағаттандырылмайды.
Тағы бір маңызды талап – отбасының банктердегі салымдарының жалпы көлемі 200 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 865 мың теңге) аспауы шарт. Бірақ «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй жинақтары бұл шектеуге кірмейді.
Еске сала кетейік, елімізде әлеуметтік көмек жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Азаматтар әл-ауқат деңгейіне сай «A», «B», «C», «D» және «E» санаттарына топтастырылады, ал төлемдердің тағайындалуы мен көлемі осы бағалауға тікелей байланысты болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!





