Қазақстандықтар мопедтерін тіркеуге міндеттеледі. Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда мақұлданды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Қолданыстағы норма бойынша ең жоғары конструктивті жылдамдығы сағатына 50 километрден асатын мопедтер тіркеуге жатады. Ал қаралып отырған заңға сәйкес барлық мопед тіркеуге жатады (қозғалтқышының көлемі елу текше сантиметрден аспайтын не электр қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары конструктивті жылдамдығы сағатына 50 километрден аспайтын);
Мопедті басқару құқығы «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады, ал «А» және «В» санаттарының болуы да мопедті басқару құқығын растайды деген норма көзделеді», — деп жазылған ақпаратта.
Ал ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенат кулуарында мопед тізгіндейтіндерге оны тіркеу үшін алты ай уақыт берілетінін айтты. Алты ай ішінде мопед жүргізушілері оны тіркемесе, көлік құралы айыппұл тұрағына жеткізіледі.