ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті проректорымен кездесті. Кездесу барысында отын-энергетика кешенінде Салалық технологиялық құзыреттер орталығын (СТҚО) құру тұжырымдамасы мақұлданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа орталықтың негізгі мақсаты жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін, бизнес мүмкіндіктерін және мемлекеттің стратегиялық міндеттерін біріктіретін бірыңғай технологиялық экожүйе құру. СТҚО энергетика саласындағы инвестициялық жобаларды цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып талдайды және қолдайды. Бұған қоса, орталық заманауи технологиялардың трансфертімен айналысып, жаңа буын кадрларын дайындайды.
СТҚО-ның базалық алаңы ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ таңдалды. Бұған университеттегі заманауи ғылыми инфрақұрылым, қуатты «ҚазҰУ суперкомпьютері» есептеу кластері және кең халықаралық әріптестік байланыстары негіз болған. Университеттің осы мүмкіндіктері мұнай-газ және электр энергетикасы салаларындағы күрделі есептеулер мен процестерді модельдеуге жол ашады.
Кездесу барысында Энергетика министрі университет бастамасына қолдау білдіріп, оның стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Министрдің пікірінше, құзыреттер орталығын құру – қолданбалы ғылым мен инвестицияны ұштастырып, Қазақстандағы энергетика саласының инновациялық дамуына серпін береді. Жиын соңында Орталықтың министрлікке қарасты ұйымдармен өзара тиімді іс-қимылын жолға қою бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Таяуда Энергі министрі Ерлан Ақкенженов тілшіміздің бензин бағасының болашағына қатысты сұраққа жауап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

