Eurasian Resources Group (ERG) негізін қалаушының бірі, әйгілі «Майшеке», Александр Мәшкевичтің өмірден өтуі компанияның ішіндегі талас-тартысты ушықтырып жіберді.
Бірнеше апта бойы ERG-дің қазіргі басшысы Шухрат Ибрагимовке қарсы ақпараттық шабуыл үдеп, қарша бораған сыни контент медиакеңістікті жаулап алды. Бұл кездейсоқ емес, мұқият ойластырылған және бір орталықтан басқарылған PR-кампанияға көбірек ұқсайды деп жазады Ertenmedia.
ERG еліміздегі ірі өндірістік компанияның бірі. Оның 40 пайызы Қазақстан билігінің меншігінде.
Бұған дейін компанияны ілгеріде айтқан Мәшкевич, Патох Шодиев және Әлижан Ибрагимов дейтін атышулы трио басқарған болатын. Соңғысы 2021 жылы өмірден өткен соң, компанияның болашағы туралы әңгіме қызған. Машкевичтің қайтыс болуы таққа таласты одан әрі күшейтті.
Қазір ERG-ді Шухрат Ибрагимов басқаруда. Ол Әлижан Ибрагимовтің үшінші ұлы. Ибрагимов топтағы өз үлесін арттыруға талпынып жүргені белгілі.
Машкевич пен Шодиев әулеті компаниядағы үлесін сатуға дайын болғанымен, олар сұрап отырған баға Шухрат Ибрагимов ұсынған сомадан әлдеқайда жоғары.
Осы тұста Ибрагимовқа қарсы бір мезетте бірнеше елдің медиа алаңында бірдей мазмұндағы мақалалар шықты. Барлығы бірауыздан оны «Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге жәрдемдескен миллиардер» деп айыптаған.
Сонымен қатар, қазіргі президенттің ұлы Тимур Тоқаевты Шухраттың қолдаушысы деп көрсеткен материалдар да тарады.
«Intelligence Online» сараптамасына сүйенсек, бұлардың көбі ресейлік, украиналық және аракідік еуропалық компромат сайттарда таралған.
ERG-дің бұрынғы акционерлері бұрын да қарсыластарына қарсы осы тәсілді пайдаланған-мыс. Қазіргі медиашабуылдың сипаты сол ескі әдіске ұқсайды.
Сондай-ақ, ақпараттық кампанияларда ERG-дің әріптестері де нысанаға алынған. Атап айтқанда, ресейлік бизнесмен Мұса Бажаев пен танымал қаржыгер Тимур Турловтың есімі аталып, олардың Шухрат Ибрагимовпен байланысы сынға ілінген.
Ақпараттық шабуылдың техникалық жағына келсек, Ибрагимовқа күйе жаққан сайттардың IP мекенжайлары бұған дейін де компромат материалдарымен айналысып келген медиажелілермен тығыз байланысты болып шықты.
Бұлардың қатарында Украинаның құқық қорғау органдары жақында ғана бұғаттаған Antikor порталы бар. Порталдың қожайыны панамалық оффшор арқылы басқарылатын, украиналық экс-депутаттың көмекшісі Константин Черненко екені белгілі болды.
Оның үстінен бизнесмендер «жала жабу, ақпараттық қысым жасау және ақша бопсалау» бойынша бірнеше рет сотқа арыз түсірген.
ERG төңірегіндегі ақпараттық соғыстың негізгі себебі компаниядағы үлес үшін болып жатқан тартыс.
«Мұнда бизнес, саясат және қара PR-дың түйіскен жерін көруге болады. Мұның артында кімнің тұрғаны, оның мақсаты не екені алдағы уақытта белгілі болмақ. Бұл кейс, Қазақстанның ірі өндірістік алпауытында мұрагерлік кезең өте ауыр өтетінін көрсетіп отыр», — дейді Intelligence Online.