Қазақстандағы ірі тау-кен активі ERG компаниясына тағы талас басталды. Бизнесмен Шахмұрат Мұталип компанияның 40 пайыз акциясын сатып алуға ұсыныс жасапты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Financial Times дерегінше, ERG-дің үш құрылтайшысы Патох Шодиев, Александр Машкевич (Майшеке) және Әлиджан Ибрагимов отбасы компания акциясының 20 пайызынан иелік етеді. Қалған 40 пайызы Қазақстан үкіметінің қолында.
Дәл осы Шодиев пен Машкевич әулетіне тиесілі үлеске Әлиджан Ибрагимовтың ұлы, ERG басшысы Шухрат Ибрагимов биыл көктемде қызығушылық танытып, сатып алуға тырысқан еді. Бірақ ол қаржы тартуда қиындыққа тап болып, тараптар арасындағы келіссөз тоқтап қалған.
Осы үзілістен кейін ойынға 35 жастағы кәсіпкер Шахмұрат Мұталип араласты. Оның Шодиев және Машкевич отбасымен 1,4 млрд долларға келісімге келгені белгілі болды.
Дегенмен корпоративтік келісім бойынша, Ибрагимов әулетінің үлесті бірінші болып сатып алу құқығы сақталған. Сондықтан келісімді аяқтау үшін олар ресми түрде бас тартуы керек.
Мұталип туралы не белгілі?
Шахмұрат Мұталиптың ERG-ге ұмтылысы бизнес орта үшін тосын қадам ретінде бағаланып отыр. Мұталиптың тау-кен секторында тәжірибесі жоқ. Ол еңбек жолын 2008 жылы бетон шпалын шығаратын зауытта қарапайым механик ретінде бастаған. Кейінірек Integra Construction компаниясының топ-менеджері, одан кейін иесі болды. Аталған компания жол және теміржол инфрақұрылымын салумен айналысады.
2024 жылы Мұталип Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы комитетті басқарды. Сонымен қатар Қазақстан бокс федерациясының президенті қызметін атқарады. Жақында Мұталип тағы бір ірі тау-кен компаниясы «Қазцинктің» 70 пайыз акциясын сатып алуға 3,5 млрд доллар ұсынған.
Financial Times дерегінше, ERG бүгінде ресейлік ВТБ және Сбербанк сынды санкцияға іліккен банктерге қарыз. Осы себептен компанияның 2023 жылғы шығын көлемі рекордтық деңгейге жетті. Қазақстанның ең ірі тау-кен компанияларының бірін кім иеленетіні алдағы уақытта анықталмақ.
Бұған дейін Ertenmedia ERG-дің ел бюджетіне 365 миллион доллар аударғанын жазған еді.

