Есірткі таратушы актер ұсталды, осылайша полиция «синтетиканың» 4 мыңнан астам дозасын заңсыз айналымға жібермеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Жуырда Көкшетау қаласында байланыссыз тәсілмен есірткі сатумен айналысқан адам қолға түсті.
Тінту барысында оның пәтерінен электронды таразы, арнайы жабдықтар және жалпы салмағы 1,5 келіге жететін мефедрон мен «аlfa-PVP» синтетикалық есірткісі тәркіленді. Қылмыстық әрекеттің дәлелдерін тереңдете зерттеу үшін күдіктінің телефоны тексеріліп, есірткі жасырылған орындардың нақты координаттары анықталды. Соның нәтижесінде 4500 доза есірткі айналымға түспей, дер кезінде тосқауыл қойылды.
Тергеу барысында күдікті бұған дейін отандық сериалдарға түскені белгілі болды.
Ол өз кінәсін толық мойындап, қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құзырлы органдар сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.