«Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партияның кезектен тыс V съезінде бірқатар саяси күштердің ұстанымын сынға алып, елдің болашағы «жасыл» экономикамен байланысты болуы тиіс екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, кейбір саясаткерлер әлі күнге дейін өткеннің түсінігімен өмір сүріп, өнеркәсіптік түтін мұржаларын дамудың басты белгісі ретінде қабылдайды.
«Ескі Қазақстанның саяси бұлбұлдары әдетімен әлі де бірдеңе деп сыбырлайды, бірақ оларды әлдеқашан ешкім тыңдамайды. Ал XXI ғасыр «жасыл» экономиканы талап етеді, кеңестік индустрияландыруға деген тәтті сағынышты емес», – деді Азаматхан Әміртаев.
Партия төрағасы қазіргі кезеңде елге нақты нәтижеге бағытталған, «жасыл» экономика қағидаттарына негізделген шешімдер қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол ұстанымын жағдайға қарай өзгертетін саясаткерлер де бар екенін айтты.
«Бізде көзқарасын сеніміне емес, желдің қай жақтан соққанына қарай өзгертетін саясаткерлер де кездеседі. Бүгін олар – мемлекетшіл, кеше ғана билікті сынаушылар болды», – деді ол.
Азаматхан Әміртаевтың пікірінше, кейбір саяси күштер Қазақстанның біртұтас халқын жікке бөлуге тырысады.
«Біртұтас Қазақстан халқын бөлгісі келетіндер де бар. Олар солшыл электоратты бөліске салғысы келеді, әділеттілікті біреудің меншігіндей көреді. Ал шын мәнінде әлеуметтік әділеттілікті бүкіл қоғам қалайды», – деді партия төрағасы.
Ол әлеуметтік әділеттілік қандай да бір саяси топтың ғана ұраны болмауы тиіс екенін жеткізді. Сөзінің соңында партия төрағасы кеңестік кезеңге қайта оралу идеясын қолдайтындарды да сынға алды.
«Жартылай өлі демагогтар бізді кеңестік биліктің зиратына сүйреп апарғысы келеді. Әлі күнге дейін большевиктерді аңсайтын орынға жетелегісі келеді. Бірақ үш атом электр станциясын салып жатқан елдің өзгенің қабірінің басында тұрып қалуға уақыты жоқ», – деді ол.
Партия төрағасының айтуынша, «Байтақтың» сайлауалды платформасы «Таза ауа, таза су, таза жер» қағидатына негізделген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







