Қазақстанның салық жүйесі 2026 жылы шағын және микробизнеске бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер ұсынып отыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің «ақ парақтан бастау» бағдарламасы арқылы мыңдаған кәсіпкер ескі қарыздарынан құтылып, айыппұл мен өсімпұлдан босатылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің айтуынша, шағын және микробизнеске өткен жылдар үшін жүргізілетін камералдық бақылау мен тексерулер толығымен тоқтатылған. Сонымен бірге айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша ауқымды салық амнистиясы жарияланған.
«Бүгінге дейін осы мүмкіндікті 17 мың кәсіпкер пайдаланып үлгерді. Олар негізгі қарыз бойынша 11 миллиард теңге көлеміндегі берешегін өтеп, мемлекет 7,7 миллиард теңге өсімпұл мен айыппұлды кешірді. Бұл қаражат қазір экономикаға қайта оралып жатыр», – деді комитет басшысы.
Нені білу керек?
Қаржылық сауықтырумен қатар, комитет бизнесті тексеру процестерін технологиялық тұрғыда жеңілдетуге күш салған. Кәсіпкерлердің жиі шағымданатын мәселесі ұзаққа созылған тексерістер мен бухгалтерлердің шамадан тыс жүктемесі еді. Енді осы проблеманың шешімі e-audit жүйесі болмақ. Бұл стандартталған файл салықтық тексерулерді автоматтандырып, инспектор мен салық төлеушінің арасындағы тікелей байланысты азайтады.
«Тексерулер көп жағдайда ұзақ уақыт жүргізіледі, бизнес тарапынан айтылатын шағымдар да орынды. Сондықтан қазір біз e-audit құралын іске қосып жатырмыз. Ол бухгалтерлердің жүктемесін айтарлықтай азайтады. Хабарламаларға жауап бергенде жүйе автоматты түрде «орындалды» деген мәртебені тағайындайды. Біз шешімді алгоритм қабылдайтындай етіп, адам факторын барынша азайттық. Сонымен қатар, республика бойынша камералдық бақылаудың бірыңғай, орталықтандырылған тәсілі енгізіледі», – деп түсіндірді Жандос Дүйсембиев.
2026 жылға арналған комитеттің жоспары да өте ауқымды: камералдық бақылаудың 85%-ын автоматты режимге көшіру көзделген. Нәтижесіз тексерулердің санын 20%-ға қысқартып, бизнестің шаруасына араласуды 40%-ға азайту жоспарланған. Сандық технологияларды енгізудің арқасында тексерістер кемінде үштен бірге қысқарады деген болжам бар. Осылайша салықтық бақылау енді кәсіпкерлер үшін кедергі емес, ашық әрі қолайлы сервиске айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







