Үкіметбасы Олжас Бектенов «ескі Қазақстан» өкілдері жауапкершіліктен жалтару үшін ел қазынасына 100 млн доллар төлеген деген ақпаратты теріске шығарды деп жазады Ertenmedia.
Премьер әлгіндей қауесетті «шындыққа жанаспайтын әңгіме» деп атап, мемлекетпен ешкімнің астыртын келіссөз жүргізбегенін айтты.
«Қандай да бір астыртын, жабық келісімдер жоқ. Активтерді қайтару процесі заңға сәйкес, ашық, нақты әрі әділ жүргізіледі», – деп шегеледі Бектенов.
Атап өткеніндей, мемлекетке қайтарылатын актив көлемі «ескі гвардия» өкілдерінің заңсыз иемденген қаржысының мөлшеріне тікелей байланысты.
«Әрқайсысының елден шығарған қаржысы әртүрлі. Активтерді қайтару процесі заң аясында өтеді және әр тұлғаның жағдайына қарай жеке қаралады», – деді ол.
Премьер активтерді қайтару туралы ақпараттың ашық жарияланбауы заң талабы екенін еске салып өтті. Айтуынша, мұндай ақпаратты жария қылар болса, бизнестің беделіне көлеңке түседі.
«Біздің міндет бизнесті тұралату емес, керісінше, олардың активтерін мемлекетке қайтарып, заңды түрде қызметін жалғастыруына мүмкіндік беру», – дейді Бектенов.
Бұған дейін ел ішінде «ескі Қазақстан» өкілдері қылмыстық қудалаудан құтылу үшін мемлекетке ірі көлемде ақша төлеген деген сыбыс тараған. Премьердің бүгінгі мәлімдемесі осы әңгімеге ресми жауап болып отыр.