Грекиядағы танымал туристік аймақтардың бірі Гидра аралында болған орман өртінің себебіне Қазақстан азаматтарының қатысы бар деген ақпарат тарады.
Тіпті өрт басталған кезде арал маңында тұрған яхтада Қазақстандағы белгілі бизнесмен Данияр Абылғазин мен Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова болғаны айтылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz OCCRP деректеріне сүйеніп.
Мәліметке сенсек, демалушылар жалға алынған яхтадан отшашу атқан, артынша жалын тұтанып, 300 мың шаршы метр аумақты шарпыған. Аралдың мэрі Гиоргос Кукудакис оқиғаға қатысы бар шетелдіктерді сотқа беріп, өтемақы талап ететінін мәлімдеді.
OCCRP дерегінше, өрттен кейін яхтадағы жеті қазақстандықтың барлығы бір тәулік өтпей жеке ұшақпен елден кетіп қалған.
Топтың ішінде Қазақстандағы дәулетті адамдардың бірі Данияр Абылғазин және оның ұлы мен келіні болғаны хабарланды. Сонымен қатар яхтадағы қонақтардың арасында Halyk Bank-тің басшысы Үміт Шаяхметова мен оның күйеуі Бейімбет Шаяхметов те бар делінген.
Яхтаның жалға алу құны аптасына шамамен 250 мың еуро. Қызығы сол, өртке қатысы бар деген күдікпен яхта экипажының 13 мүшесі ұсталғанымен, демалушылардың ешқайсысына әзірге ресми айып тағылмаған.
Абылғазин басын ала қашты…
Абылғазин мен Шаяхметова OCCRP сұрауларына жауап бермеген. Дерек бойынша, олардың екеуі де Назарбаевтың күйеу баласы, танымал кәсіпкер Тимур Құлыбаевпен тығыз байланыста екені айтылады. Абылғазин мен Құлыбаев бірнеше ірі компанияларда серіктес болған. Ал Үміт Шаяхметова Тимур Құлыбаевқа тиесілі қаржы ұйымын басқарады.
Orda.kz порталы бұған дейін яхтаны Данияр Абылғазин жалға алғанын, бірақ кейінірек кәсіпкердің Қазақстанда екені хабарланғанын жазған еді.
Ал Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдемесінде ұсталғандар арасында қазақстандық азаматтар жоқ екенін атап өтті.
«Қазақстан консулдығы ақпарат жарияланған сәттен бастап Грекия билігімен байланысқа шықты. Полицияның ресми дерегі бойынша ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары тіркелмеген және олардан ештеңе талап етілмеген», – деп нақтылады ведомство.

