ҚР Ішкі істер министрлігі Грекияның Гидра аралында болған өртке қатысты пікір білдірді. Бірқатар БАҚ беттерінде өрт қазақстандықтардың кінәсінен шыққаны жазылған болатын, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына ҚР Ішкі істер министрлігі азаматтарымыздың шетелдегі кез келген әрекеті (халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда) сол елдің заңнамасына сәйкес шешілетінін хабарлады.
«Ішкі істер министрлігіне Грекияның құқық қорғау органдарынан Қазақстан Бас прокуратурасынан бұл дерек бойынша сұрау (нұсқау) түскен жоқ», — деп жазылған ІІМ-нің жауабында.
Айта кетейік, Грекияның Идра аралындағы орман өрті 21 маусымда болған еді. Оның болжалды себебі – жағалауда болған «Персефон» яхтасынан отшашу атылуы. Бұл оқиға бойынша БАҚ беттерінде сегіз қазақстандық күдікті екені жазылды.
OCCRP жариялаған тізімге сәйкес олардың ішінде кәсіпкер Данияр Әбілғазин мен Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова бар. Алайда артынша Әбілғазин бәрін жоққа шығарып, арты қайғылы жайтқа ұласатын қадамдарға бармағанын айтты.
Жуырда «Персефон I» яхтасына қатысты оқиғадан кейін тың деректер шықты. Бұл туралы iEidiseis грек басылымы жазды.
Басылым мәліметінше, Идра аралында өрт басталғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда жергілікті төтенше жағдайлар қызметі бірнеше қате жіберген. Соның ішінде оқиғаға қатысы болуы мүмкін қазақстандықтар Грекиядан шығып кете алды. Идра аралына жататын әкімшілік аумақ – Пирей полициясы жүргізген қосымша тергеуден кейін қателер анықталған.