Қаржы сарапшысы Айбар Олжай Қазақстан бюджеті бір тәуелділіктен өтіп, тағы бір кіріптарлыққа ұрынғанын айтты. Оның ойынша, соңғы кезде бюджет кірісіндегі мұнайға тәуелділік төмендесе де, оның орнын қарыз алу басып барады, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылдың бірінші тоқсанында бюджет кірісі 3,65 триллион теңге ғана болған. Себебі, Қазақстанда технологиялық апаттар салдарынан мұнай өндірісі күрт азайып, бюджетке экспорттық баж салығынан түсетін кіріс былтырғыға қарағанда 54 пайызға құлдырады.
Алғашқыда «Жұманғарин эффектісі» бюджетке біршама оң әсер етті. Жаңа Салық кодексі арқасында бірінші тоқсандағы салық түсімдері 29,4 пайызға өскен. Алайда бұл өсім мұнай саласындағы шығындарды толық жабуға жеткіліксіз.
Үкіметтің қарызға тәбеті артып бара жатыр. Биылдың өзінде мемлекеттік облигацияларды орналастыру 870 миллиард теңгеге жеткен. Бұл дегеніміз жылдық жоспардың 71 пайызын бірінші тоқсан бітпей орындап тастағанын көрсетеді.
– Қазір қарызды қайтаруға бюджет шығынының 17,2 пайызы кетіп жатыр. Бұл айлық табысының бесінші бөлігін кредит төлеуге жұмсайтын қарапайым азаматтың жағдайына ұқсайды. Халықтың несие алуын шектеп жатқан Үкіметтің өзі де қарызға белшеден батып барады, – деп ой түйеді Айбар Олжай.
Оның пікірінше, биліктегі «Аманат» партиясына енді «Қарызсыз қоғам» деген семинарды Үкімет үйінде өткізе бастаған дұрыс.
Айтқандай, Мемлекеттік кірістер комитеті коллектор агенттіктері табысын жасырып, қосылған құн салығынан жалтарған схеманы анықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







