2021 жылы өзін ұрлап, ұрып-соққан Хасан Қасымбаев екенін мәлімдеген ММА спортшысы Арман Әлімов Шерзат Болаттың әкесімен мектеп кезінен бері дос болған. Бұл туралы Orda.kz дереккөздеріне сүйеніп жазды, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Басылым мәліметінше, істің жаңа қыры – Әлімов пен қаза болған жасөспірімнің отбасы арасындағы болжалды байланыс. Дереккөздің айтуынша, ол Шерзатты жаттықтырған болуы мүмкін.
«Әлімов — Шерзаттың әкесінің досы әрі сыныптасы», – деген дереккөз басылымға.
Еске салайық, Хасан Қасымбаевқа қатысты «Адам ұрлау», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Бопсалау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Жақында Арман Әлімовтің анасы басылымға ұлының 2021 жылғы маусымда ұрланып, соққыға жығылғанын айтты.
«Қазанның соңында бізді Алматы облысының Полиция департаментіне шақырып, қайтадан жауап алды. 2021 жылы 17 маусымда баламды ұрып-соғып, ұрлап әкетті. Оны елсіз жерге апарып, азаптады. Сот үш жылға созылып, іс қайта ашылғанға ұқсайды. Біз айғақ бердік, ал менің ұлым қылмысқа тапсырыс берген адам ретінде Қасымбаевты көрсетті», – деді әйел.