Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, иноагенттер туралы заң қабылдауды сұрады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Депутат өткен пленарлық отырыста USAID қызметіне қатысты депутаттық сауал жолданғанын еске салып, бұл сауал қазақстандық қоғамды дүр сілкіндіргендей болды деді.
«Жуырда бұл тақырып тағы жалғасын тапты. АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын «Азаттық» пен «Америка дауысы» медиасын жабуды ұсынды. Оны Илон Маск бірден қолдады. Ол бұл БАҚ-тарды ешкімге қызықсыз, «радикалды солшыл ақылсыздыққа толы, өз-өздерімен ғана тілдесіп, жылына миллиард долларды жоқ қылатын» ұйымдар деп сипаттап отыр. USAID мәселесіндегі сияқты, мұнда да өздері – яғни америкалықтардың өзі қаржыландырып отырған мемлекеттік медианың деструктивті сипатын мойындап отыр. Олар оны «өткен дәуірдің қалдығы» деп атап, «соғыстан кейінгі кезеңнің идеологиялық күресі үшін құрылған құрал» ретінде бағалайды», — дейді депутат.
Смирнованың пікірінше, кез келген адам «Азаттықтың» сайтына кірсе, мұны анық көре алады.
«Мұнда жаңа мектептердің құрылысы, жол, түрлі реформалар немесе қазақстандықтардың қол жеткізген жетістіктеріне қатысты ешқандай ақпарат жоқ, тек сын мен негативті өршіту көрініп тұрады», — деді ол.
Депутаттың сөзіне сенсек, қазір Қазақстанда шетелден қаржы алатын шамамен 200-ден астам үкіметтік емес ұйым бар, олардың 70 пайызы АҚШ-тан түрлі жолдар арқылы қаржыландырылған.
«Үкіметтің ресми деректеріне сүйенсек, елімізде 165 түрлі донор грант бөлумен айналысады. Соның ішінде 53-і – халықаралық ұйымдар, 31-і – шетелдік мемлекеттік құрылымдар, 81-і – шетелдік және қазақстандық ҮЕҰ. Бұған қоса, елімізде тіркелмеген басқа да шетелдік құрылымдар отандық ҮЕҰ-ларға қаржылай, материалдық-техникалық көмек көрсетеді.
Олар негізінен БАҚ пен сөз бостандығы саласындағы жобаларды, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либералды реформаларды ілгерілету, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті күшейту шараларын қолдап отыр. Бұл жерде кімнің бізге расымен достық ниетпен қарайтынын, ал кімнен сақ болу керектігін кәсіби мамандардың өзі де анықтай алмауы мүмкін. Мұның өзі бүкіл қоғамымыз үшін сын-қатер болып отыр», — деді ол.
Депутат шетелдік қорлардың елімізге пайдасы мен зияны қаншалық екені туралы сұрақ әлі де жауапты талап ететінін мәлімдеді.
«Әсіресе, геосаяси жағдай күрделеніп, әлемдік күш орталықтары орын алмастырып, халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ішкі қайшылықтар күшейіп жатқанда бұл тіпті өзекті болып отыр. Егер елімізде өзін жайлы сезініп жүрген шетелдік ҮЕҰ шын мәнінде өз «ойындарын» жүргізіп жатса, олардың ықпалы бізге теріс әсерін тигізуі әбден мүмкін», — деді Смирнова.
Ол бірқатар үкіметтік емес ұйымның мәртебесін қайта қарауды ұсынды.
«Әлемде мұндай мәселелерге тап болған мемлекеттер «шетелдік агент» заңдарын қабылдау арқылы қарсы тұрып келеді. Мысалы, осындай заңдар Израильде 2016 жылдан, Қытайда 2017 жылдан, Аустралияда 2018 жылдан, Ұлыбританияда 2023 жылдан, Францияда 2024 жылдан бері күшінде», — деді ол.
Депутат шетелдік субъектілердің мүддесі үшін әрекет ететін адамдарға қатысты заңдардың бірі 1938 жылы қабылданған АҚШ-тың «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заңы екенін мәлімдеді.
«Сарапшылар АҚШ-та осы заң нормаларын жүзеге асыруда тәжірибе жинақталғанын айтады. Мысалы, қаржыландырудың ашықтығы, саяси және коммерциялық ықпалды айқын ажырату, лоббистер мен ықпал ету агенттерін қызметі басталғанға дейін мемлекеттік тіркеуге алу, ақпаратты (соның ішінде материалдарды белгілеу) міндетті түрде жариялау және тіркелген агенттер базасын жүргізу, заңды бұзғандарға жауапкершілік қарастыру сияқты шаралар бар.
Қазақстан да осы тәжірибені қолдап, ақпараттың түпкі көзін түсінуге мүмкіндік беретін, кез келген құрылымды нақты жіктейтін ұлттық заңнаманы жасауы қажет деп санаймыз. Бұл ретте гуманитарлық және ғылыми ұйымдарға бірқатар ерекшелік енгізген жөн. Мұндай тәсіл ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді әрі сау азаматтық қоғамның дамуына кедергі жасамайды», — деді ол.