Кеңестік және қазақстандық ғарышкер, саяси қайраткер Талғат Мұсабаев жуырда өткен Digital Almaty 2025 форумында қызық мәлімдемелер жасаған. Соның бірінде америкалық кәсіпкер, миллиардер Илон Масктың аты аталады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Маск туралы Мұсабаевтың «одасы»
Мұсабаев өз сөзінде жоғалтатын ештеңесі жоғын, себебі зейнетте екенін айта келіп, өзін қазақ журналистері жақтыртпайтынын жеткізіпті. Оның сөзінше, бұған себеп — бетің бар, жүзің бар демей тіке сөйлейтін мінезі, ал бізде (Қазақстанда — еск.) мұндай әдет жоқ. Ол тек шындықты айтатынын мәлімдеп, «елімнің батырымын» деуді де ұмытпаған. Оның бұл әңгімесінің бәрі Маск туралы «бар шындықты» жайып салу үшін айтылған.
«Әлем өз жолымен жүріп бара жатыр, америкалықтар, немістер, француздар — бәрі де сол жолмен жүріп барады, демек бұл — дұрыс жол. Алдымен негіз ретінде мемлекеттік ғарыш саласын жасақтайды. Содан кейін осы негізге сүйеніп, жеке компаниялар құрылып, тезірек сапалы өнім шығаруы керек.
Маскты ұлы конструктор деп ойласыздар ма? Ол ғарыштан түкті де түсінбейді. Ол — үлкен әрі ұлы менеджер. Мамандарды дұрыс таңдай білу, инженерлік және конструкторлық кадрларды таңдау – үлкен еңбек. Ол — ұлы адам. Иә, оның басқарушылық таланты бар, ол — менеджер, бірақ мен оны данышпан инженер деп санамаймын. Ол инженер де, конструктор да емес», — деді ол форумдағы мәлімдемесінде.
Ғарышкер Қазақстанда жақсы инженер де, менеджер де жетіп артылатынын, бірақ бірде бір Илон Маск жоқ екенін мәлімдеді.
«Оның еңбегі — сол: бәрін дұрыс болжай алады және мамандарды дұрыс таңдайды. Тағы да айтамын, егер Маскқа сондай қомақты ақша берілмегенде, ештеңе болмас еді. Бәрі білетін шығар, көптен бері құпия емес.
Ол қомақты қаржыны қайдан алғанын білесіздер ме? Пентагоннан, АҚШ Қорғаныс министрлігінен және NASA-дан алды. Білесіздер ме? Әйтпесе бар байлығына өзі жеткендей көрінеді. Ол ештеңе тапқан жоқ, байлығының бәрін кейін тапты. Бірақ ол — керемет менеджер. Осы ақшаны алғаннан кейін дамытып, көбейтті», — деді Мұсабаев форумда.
Маск кім, ол неге иелік етеді?
Илон Маск — әлемге әйгілі кәсіпкер, инженер және инноватор. Ол 1971 жылы Оңтүстік Африкада дүниеге келген. Маск — көптеген табысты компанияның негізін қалаушы және жетекшісі, соның ішінде Tesla, SpaceX, Neuralink, және The Boring Company бар. Сонымен қатар, ол — PayPal-дың негізін қалағандардың бірі.
Mаск SpaceX арқылы ғарышқа коммерциялық сапарларды ұйымдастыруды бастады. Ал Tesla компаниясы электромобильдер мен жаңа энергия көздері саласында инновацияларды енгізді.
Илон Маск — әлемдегі ең бай әрі ең танымал адамдардың бірі.