Қазақстанда заңсыз несие беру ісімен айналысқан ірі қаржылық желінің әрекеті әшкере болды деп хабарлайды Ertenmedia.
Қазір осы іске қатысы бар деген күдікпен танымал ломбардтар желісінің қожайыны Сергей Койнов тергеліп жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, Койнов иелік еткен «Актив Маркет» компаниясының жүздеген бөлімшесі комиссиондық дүкен ретінде тіркелген. Шындығында бұл орындар лицензиясыз шағын несие берумен айналысқан.
«Сергей Койнов сенімді адамдарының атына бірнеше компания ашып, сауда мен техникалық тауарларды сатып алумен айналысамыз деп көрсеткен. Ал шын мәнінде осы мекемелер мүлік кепілдігімен қысқа мерзімге өте жоғары пайызбен қарыз берген. Заң бойынша күніне ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі – 0,3 пайыз. Бірақ „Актив Маркетте“ 15 күндік несие үшін 16,2 пайыз алған. Бұл рұқсат етілген деңгейден төрт есе көп», – дейді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Салдарынан жүздеген мың адам үлкен қарызға кіріп, қиын жағдайда қалған. Оның ішінде зейнеткерлер мен табысы төмен отбасылар да бар. Соңғы екі жыл ішінде компания осы заңсыз тәсілмен 3,5 миллиард теңгеден астам пайда тапқан.
«Койнов осы кірістің бір бөлігін ІТ-қызмет көрсету жөніндегі жалған келісімшарттар арқылы заңдастыруға әрекеттенген. Ақшаны кейін өз есепшоттарына аударған. Қазір бұл іс бойынша ел аумағында 200-ден астам тінту жүргізіліп, қажетті айғақтар тәркіленді. Тергеу амалдары жалғасуда», – деді агенттік өкілдері.
Сергей Койнов Астана тұрғыны. Ол әлеуметтік желіде өзін табысты кәсіпкер және инвестор ретінде көрсетіп, Instagram желісінде 684 мың оқырман жинаған.