Абай облыс әкімі Берік Уәли Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы есепті кезеңде облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 104 пайыздан асып, ұлттық даму жоспарына сәйкес жоспар 103,6 пайызға орындалған.
Абай облысының инвестициялық белсенділігі биыл күрт жанданды. Үкімет отырысында облыс әкімі Берік Уәли айтқан деректерге сенсек, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында өңірге тартылған инвестиция көлемі 364,1 миллиард теңгеге жеткен. Бұл сандар жай ғана есеп емес, облыс экономикасының баяу жылжудан серпінді дамуға бет бұрғанының белгісі.
Себебі, нақты көлем индексі 103,1 пайызды құраған. Жалпы өңірлік өнімнің көлемі 1,4 триллион теңгеге жетіп, ұлттық даму жоспарына сәйкес межеден асып түсті. Ең бастысы – инвестиция көлемінің артуы ауыл шаруашылығы, көлік, байланыс, ішкі сауда және өңдеу өнеркәсібі сияқты нақты секторларға да серпін берген.
Орталық Азиядағы бәсекелес өңірлермен салыстырғанда, Абай облысы Қытаймен шекараласатын жаңа буын инвестициялық хабқа айналуға талпынып жатыр. Шығысқа қарай есік ашқан жаңа нарықтар мен «Үлкен Алтай» аясындағы субөңірлік ынтымақтастық конференциясы бұл бағыттағы әлеуетті күшейтуде. Мәселен, Қытайда өткен кездесулердің қорытындысы бойынша 1,5 миллиард долларлық 15 меморандумға қол қойылған. Яғни, Абай өңірі енді ішкі сұранысты қамтамасыз етумен ғана шектелмей, экспорттық бағдарланған өндірістер мен көлік-логистика тораптарын дамытуды көздеп отыр.

Бір жыл ішінде инвестициялық жобалардың саны үш есеге жуық өсіп, 97 жобаға жетті. Инвестиция көлемі 3,2 триллион теңгеге дейін ұлғайды. Мұндай өсім кездейсоқ емес. Әкімдік Қытай, Ресей, Еуропа және Таяу Шығыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы, сыртқы капиталды өңірдің нақты жобаларына бағыттауға күш салып жатыр. Әсіресе, жергілікті шенеуніктердің шетелдік инвесторлармен 85 келіссөз өткізуі – жаңа тәсіл мен жаңа саяси ұстанымның белгісі.
– Қазіргі уақытта облыс аумағында шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 713,7 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың аясында 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Дегенмен, әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштерін, оның ішінде жеке инвестиция тарту, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беруді тұрақтандыру үшін ең бірінші инфрақұрылымдық проблемаларды шешуіміз керек. Бөлінген қаражат шеңберінде кезең-кезеңімен басым бағытты жұмыстар жүргізілуде, – деді облыс әкімі.
Дегенмен, сырттан келетін қаржының әр тиыны ел мүддесіне қызмет етуі үшін, аймақтың саяси және институционалдық тұрақтылығы, сондай-ақ әкімдік пен кәсіпкерлер арасындағы сенім арта түсуі қажет. Инвестиция тарту – тек жоба санын арттыру емес. Ол әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жастарды жұмыспен қамту және инновациялық өндірістерді шоғырландырумен ұштасуы тиіс. Ендеше, Абай облысының бұл қарқыны уақытша науқан емес, ұзақмерзімді экономикалық стратегияға айналуы маңызды.

 
		
