Президент Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту туралы нақты тапсырма берді. Оның айтуынша, Қазақстанға капитал үшін әлемдік бәсеке күшейіп тұрғанда ірі инвестицияларды тартудың жаңа әрі тиімді жолдарын табу қажет деп хабарлайды Ertenmedia.
«Елімізге ірі көлемдегі инвестициялар ауадай қажет. Жаңа инвестициялық циклді бастайтын уақыт келді. Қазіргі саясатты табысты деп айту қиын. Инвестициялардың басым бөлігі шикізат секторына бағытталған. Бұл жаман емес, бірақ ендігі міндетіміз өңдеуші өнеркәсіпке қаржы тарту», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Үкімет инвестициялық саясатты қайта қарауға тиіс. Қажет болса, жоғары технология саласында жұмыс істейтін инвесторларға ерекше жеңілдіктер берілуі керек.
«Сонымен қатар мемлекеттік инвестициялар да, жеке сектор бастамалары да бірдей қолдауға ие болуы тиіс. Ірі инвесторлармен қатар шағын және орта бизнес субъектілеріне де қолайлы жағдай жасау қажет. Қандай салаға, қанша көлемде, қандай мақсатта инвестиция тартылуы тиіс екені нақты белгіленсін. Инвестицияға деген сұраныс өндіріс секторының нақты қажеттіліктеріне сай анықталсын», – деді Президент.
Оның айтуынша, елдегі инвесторлармен жұмыс істеу жүйесі тым күрделі әрі ретсіз. Бұл бюрократия мен қызметтердің қайталануына әкелуде.
«Қазіргі күрделі жағдайда инвестиция тарту – бірінші кезектегі міндет. Бұл бізден жаңа тәсілдер мен жаңа көзқарасты талап етеді. Инвестиция тарту бойынша ұйымдастыру жұмыстары толықтай Премьер-министрге жүктеледі. Арнайы министрлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ назар аударатын бір мәселе бар ешбір мемлекеттік органның атауында «инвестиция» деген сөз жоқ. Бұл мәселе бірнеше ведомство арасында шашырап кеткен. Сондықтан Премьер-министрге нақты ұсыныстар әзірлеуге 10 күн уақыт беремін», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түбегейлі өзгерту жөніндегі іс-қимыл жоспарын қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырды.