Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, «Қазатомөнеркәсіп» өзіне тиесілі емес, яғни үкімет үлесіне кірмейтін акциялардың бір бөлігін қайтадан листингке шығаруды қарастыруда. Бұл әзірге түпкілікті шешім емес, бірақ ондай қадам жасалса, Қазақстанның қаржы жүйесінде де, халықаралық инвесторлар сенімінде де үлкен өзгеріс болатыны анық. Себебі әлемдегі уран өндірісінің алдыңғы қатарында тұрған «Қазатомөнеркәсіптің» кез келген шешімі тек ұлттық деңгейде ғана емес, жаһандық деңгейде де назарға алынады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір компанияның негізгі құрылымы айқын: 62,99 пайызы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының иелігінде, 24,32 пайызын номиналды түрде Citibank ұстап отыр, ал 12,01 пайызы Қазақстанның Қаржы министрлігінің қолында.
Демек, мемлекет бақылауды сақтап отыр, алайда қосымша листингке шығару арқылы халықаралық қаржы нарықтарындағы ықпалын арттыруға мүмкіндік алмақ. Бұл бір жағынан, жаңа инвестициялар тартуға, екінші жағынан, компанияның ашықтығын күшейтуге жасалған қадам.
«Қазатомөнеркәсіптің» әлемдік маңызы зор. Қазақстан уран өндірісі бойынша бірнеше жыл қатарынан бірінші орында тұр, ал жаһандық энергетикада уран стратегиялық шикізат. Әлемде жасыл энергетикаға көшу мәселесі талқыланған сайын атом энергетикасының рөлі қайтадан алдыңғы қатарға шығып келеді.
Ендеше, ұлттық компанияның халықаралық биржалардағы белсенділігі – Қазақстан үшін тек қаржылық табыс емес, сонымен қатар геосаяси салмақта да ұпай.
Бұған дейінгі тәжірибеге көз жүгіртсек, «Қазатомөнеркәсіп» Лондон және Астана биржаларында табысты листинг жасаған болатын. Сол кезде компанияға деген сенім артып, Қазақстанның қаржы орталық ретіндегі рөлі де өсе түскен.
Енді қайтадан акцияларды нарыққа шығару – осы бағыттағы жаңа белес болмақ. Әлемдік инвесторлар үшін бұл қадам Қазақстандағы ірі ұлттық компаниялардың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін тағы да дәлелдейді.
Мұндай бастаманың ар жағында ел экономикасын әртараптандыру, халықаралық сенімді күшейту мақсаты тұр. Себебі Қазақстан үшін шикізаттық тәуелділіктен арылып, жаңа инвестициялық ағым тарту маңызды. Ал «Қазатомөнеркәсіп» сияқты компаниялардың ашық қадамдары осыған жол ашады.