Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони Астанада өткен кездесуде екі елдің әріптестігін кеңейту туралы уағдаласты.
Кездесу қорытындысында тараптар бірнеше маңызды бағыттар бойынша серіктестік орнатуға келісті деп хабарлайды Ertenmedia.
Атап айтқанда, екі ел азаматтарының көші-қон мәселелерін реттейтін арнайы келісім жасалды. Бұл құжат Қазақстан мен Италия арасындағы құқықтық қатынастарды нығайтып, екі ел азаматтарының құқықтарын қорғауға ықпал етеді.
Сондай-ақ, өнеркәсіп, құрылыс, энергетика және экологиялық қауіпсіздік саласында әріптестікті тереңдетуге келісті. Екі мемлекет стратегиялық маңызды шикізат қорлары мен сирек қазба байлықтарын бірлесіп игеру жөнінде өзара түсіністікке қол жеткізді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның ірі ұлттық компаниялары – «Самұрық-Қазына» мен «Самұрық-Энерго» Италияның жетекші кәсіпорындарымен ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамыту туралы келісімдерге қол қойды.
Екі елдің қаржы және инвестициялық ұйымдары – Қазақстан Даму Банкі мен Италияның Cassa Depositi e Prestiti және SACE агенттіктері инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруға ниетті.
Тағы бір маңызды келісім – Қазақстан мен Италия арасында су ресурстарын басқару саласында тәжірибе алмасу және инновациялық технологияларды енгізу. Бұл қадам су ресурстарын тиімді басқару арқылы экологиялық сын-қатерлерді шешуге көмектеседі.
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін Италия нарығында ілгерілету үшін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мен Италияның Сауда агенттігі ынтымақтастық орнатты. Бұл келісім жаңа жобаларға жол ашып, экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етпек.