Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Orda.kz-ке берген сұхбатында Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Подоляк Украинаның әскери мақсаттары мәселелеріне келгенде жауап беруге құзыретті емес екенін жеткізді, бірақ Ресейдің өзі өз аумағындағы көптеген инфрақұрылымдық нысанды қиратып жатқанын мәлімдеді:
«Әрине, бұл сала, бұл жағдайда Ресейдегі мұнай өңдеу саласы күйрегенін қалаймын. Бұл Ресейдің ресурсын нашарлататыны сөзсіз, логистиканы да қиындатады және т.б. Белгілі бір нысандарға жасалған соққылар туралы айтатын болсақ, егер олар бұл соққыларды жасаған болса, біздің әскерилермен талқылау керек. Ресей инфрақұрылымдық нысандарға келген шығынның 30-35 пайызын өз қолымен жасайды. Бұл — құлап жатқан дрондар мен зымырандар, соның ішінде Каспий теңізі аймағындағы да бар… Ресей әскери техникасына өте немқұрайлы қарайды және көп нәрсені өздері қиратып жатыр».
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының аумағына шығу тегі белгісіз дрон құлағаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәселеге келгенде Подоляк Украина арандатушылық әрекеттерден өзін аулақ ұстайтынын және үшінші елдермен дұрыс қарым-қатынас орнатуға тырысатынын түсіндірді.
«Украинаны тек Ресейдің әскери өндірістері қай жерде екені, оның негізгі ресурстық базалары қайда орналасқаны және т.б. алаңдатады. Бірақ, әрине, соғыс жалпы аймақ үшін белгілі бір тұрақсыздық, белгілі бір қауіптер тудырады», — деді ол.
Айта кетейік, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) ең ірі мұнай айдау станциясы саналатын Ресей Федерациясындағы «Кропоткинская» ЖЗҚ шабуылға ұшырады. Шабуылдан зардап шеккендер жоқ.
Станция қаншалық зақымға ұшырағанын және қалпына келтіру мерзімдерін бағалау үшін КҚК бас директоры Николай Горбан бастаған басқарушы топ оқиға орнына барды.
Кейінірек «Транснефть» компаниясы мәлімдеме жасап, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) «Кропоткинская» ірі мұнай айдау станциясына жасалған дрон шабуылы салдарынан Қазақстаннан мұнай айдау көлемі шамамен 30 пайызға төмендеуі мүмкін екені айтылды.
Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл мәселе Украина тарапымен талқыланатынын хабарлады. Десе де Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Каспий құбыр консорциумына (КҚК) шабуыл жасау туралы шешім қабылдағандар жазалануы керек екенін мәлімдеді.