Британдық Shell компаниясы Каспий құбыр консорциумындағы (КТК) үлесін сақтап қалып, ресейлік серіктесі «Роснефтьпен» жолын ажыратуға ниетті, деп жазады Ertenmedia.
Reuters агенттігінің дереккөзіне сенсек, Shell дәл қазір КТК-дағы үлесінің бір бөлігін «Rosneft-Shell Caspian Ventures» атты бірлескен кәсіпорны арқылы иеленіп отыр. Құрылым консорциумның 7,5 пайыздық үлесін бақылайды. Shell-дің бұған иелік ететін бөлігі шамамен 3,7 пайыз.
Алайда компания АҚШ санкция байланысты енді ресейлік тараппен әріптестікті тоқтатуды жөн санайды. Қазан айында Уашингтон «Роснефтьке» қатысты жаңа санкция енгізген болатын.
Түнеукүні Путин Shell мен «Роснефть» бірлескен кәсіпорнының КТК-дағы үлесіне қатысты мәміле жүргізуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойған еді.
Бұған дейін АҚШ Қаржымині КТК-ны, «Теңізшевройлды» және Қарашығанақ жобасын санкциялық тізімнен шығарғаны белгілі. Әмірикалық ведомство аталған жобаларға қатысты мұнай қызметтерін көрсетуге рұқсат бергенімен, олардағы үлесті сату немесе басқа тарапқа беруге тыйым салған.
Қазіргі таңда КТК-дағы Ресейдің жалпы үлесі 31%. Оның ішінде 24% «Транснефть» басқаруында, тағы 7%-ы Ресейдің мемлекеттік балансында. Ал Қазақстанның үлесі шамамен 21%.
Оның басым бөлігі «ҚазМұнайГазға» тиесілі (19%), қалғаны Kazakhstan Pipeline Ventures LLC компаниясының еншісінде (1,75%). Өзге үлескерлер қатарында Chevron, LUKOIL, Mobil, BG Overseas Holding Limited, Eni International және Oryx Caspian Pipeline LLC бар.
Айта кетерлігі, Қазақстан экспортының шамамен 80 пайызы осы КТК құбыры арқылы жүзеге асырылады.
Бұған дейін Ertenmedia украиналық дрондар КТК-ға соққы жасаған соң, Қазақстан Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттырғалы отырғанын жазған.
Reuters дерегінше, желтоқсанда Ақтау порты арқылы БТЖ бағытымен 188 мың тонна мұнай экспортталады. Бұл қарашадағы көрсеткіштен 30 пайызға жоғары.
Каспий құбырындағы қауіпті комбинация: Кремльдің келесі қадамы қандай

