Ресей «Каспий құбыр консорциумын» (КТК) өз бақылауына алуға дайындалып жатыр, деп жазады Ertenmedia салалық сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пікіріне сүйеніп.
Кеше Владимир Путин Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited бірлескен кәсіпорнына КТК-дағы 7,5% үлесіне қатысты келісім жасауға рұқсат берген. Сарапшының пайымынша, көпшілік Shell компаниясы «Роснефть» үлесін сатып алады деп ойлағанымен, керісінше, «Роснефть» Shell үлесін өзіне алуы қисындырақ болмақ.
«Егер бұдан кейін «Роснефть» Лукойлдың 12,5% үлесін де сатып алса, Ресейдің КТК-дағы үлесі 51%-ға жетіп, бақылаушы пакетке ие болады», – дейді Жұмағұлов.
Еске сала кетсек, қараша айында АҚШ Қаржы министрлігі ресейлік компанияларға КТК-дағы үлестерін сатуға тыйым салған болатын.
Қазіргі таңда КТК-дағы Ресейдің жалпы үлесі – 31%. Оның ішінде 24% – «Транснефть» басқаруында, тағы 7%-ы Ресейдің мемлекеттік балансында. Ал Қазақстанның үлесі шамамен – 21%. Оның басым бөлігі «ҚазМұнайГазға» тиесілі (19%), қалғаны Kazakhstan Pipeline Ventures LLC компаниясының еншісінде (1,75%). Өзге үлескерлер қатарында Chevron, LUKOIL, Mobil, BG Overseas Holding Limited, Eni International және Oryx Caspian Pipeline LLC бар.
Айта кетерлігі, Қазақстан экспортының шамамен 80 пайызы осы КТК құбыры арқылы жүзеге асырылады.
Бұған дейін Ertenmedia украиналық дрондар КТК-ға соққы жасаған соң, Қазақстан Баку–Тбилиси–Жейхан (БТЖ) мұнай құбыры арқылы экспорт көлемін арттырғалы отырғанын жазған.
Reuters дерегінше, желтоқсанда Ақтау порты арқылы БТЖ бағытымен 188 мың тонна мұнай экспортталады. Бұл қарашадағы көрсеткіштен 30 пайызға жоғары.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Қазақ мұнайының «Киев факторы»: БТЖ бағытының бағы жанғалы тұр

