Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы маңында шабуылға ұшыраған танкерлердің бірін «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы жалға алғаны белгілі болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін Қазақстан мұнайы экспортталатын Оңтүстік Озереевкадағы КҚК теңіз терминалына мұнай тиеуге бет алған төрт танкерге теңіздегі ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасаған. Солардың бірі «MATILDA» танкері.
Кеме «ҚазМұнайГаздың» еншілес құрылымы саналатын «Қазмортрансфлот» компаниясы арқылы фрахтталған. Танкерге жүк тиеу 18 қаңтарға жоспарланған.
«ҚазМұнайГаз» таратқан ақпаратқа сәйкес, шабуыл салдарынан жарылыс болғанымен, одан кейін өрт тіркелмеген. Экипаж мүшелері зардап шекпеген.
Алдын ала бағалау бойынша, кеме теңізде жүзу қабілетін сақтап қалған, алғашқы тексеріс кезінде конструкциясына елеулі зақым келгені анықталыпты. Қазіргі уақытта келтірілген залалды бағалау жұмыстары жүріп жатыр.
Аталған жағдай Каспий арқылы мұнай экспорттау бағытындағы теңіз логистикасының қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдерді тағы да алдыңғы қатарға шығарды. Оқиғаның мән-жайы нақтыланып, тиісті қызметтер тарапынан тексеру жалғасады.
Қазақ мұнайының негізгі экспорттық бағыты саналатын Каспий құбыр желісіндегі тасымал көлемі осы айда күрт азайып, желтоқсандағы болжамнан шамамен екі есеге төмендеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

