Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Катар астанасы Дохада өткен Араб-ислам елдерінің төтенше саммитіне қатысып, Қазақстанның халықаралық шиеленістерге қатысты ұстанымын жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жиында Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қазақстанның Израиль тарапынан жасалған әскери әрекеттерге қатысты ұстанымына жоғары баға берді.
«Қазақстанның осы мәселені бірінші болып айыптап, Катарды ашық қолдағанынан хабардармын. Осы үшін ризашылығымды білдіремін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен арадағы бауырластық қарым-қатынасымызды мақтан етемін. Саммитке жоғары деңгейде қатысып отырған қазақстандық делегацияның бүгінгі жиында болуы біз үшін аса маңызды», – деді шейх Тамим бен Хамад Әл Тани.

Мәжіліс спикері өз сөзінде Таяу Шығыс аймағындағы геосаяси ахуалдың ушығып, халықаралық жағдайдың күрт шиеленісуі төтенше саммит өткізуге себеп болғанын айтты.
«Қазақстан Израильдің Катар жерінде әскери әрекет жасауын қатаң айыптайды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтеріп, Катарды ашық қолдады.
Шабуыл қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Бұл Катардың егемендігіне ғана емес, халықаралық құқық нормаларына да қайшы қадам.
Мұндай әрекет бір елдің ғана емес, бейбітшілікті жақтаған барша мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қатер төндіреді», – деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы өз сөзінде Газа секторындағы қайғылы оқиғаларға тоқталды. Оның айтуынша, қақтығыс басталғаннан бері Президент Тоқаев әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатып, Газа секторындағы халыққа гуманитарлық көмек көрсетуге шақырып келеді.