Қазақ аудиториясына кеңінен танымал блогер Қайсар Қамзаны Қазақстанға қайтару мәселесі Бас прокуратурамен бірлесіп шешіліп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде миллиондаған оқырман жинаған Қайсар Қамза қаңтар айынан бері халықаралық іздеуде. Оған Қаржылық мониторинг агенттігі интернет-казиноларды заңсыз жарнамалап, ел-жұртты адастырды деген айып тағып отыр.
Құзырлы органның дерегінше, Қамза Instagram-дағы qais_arr аккаунты арқылы бес жыл бойы онлайн-казино платформаларын насихаттап келген. Оның желідегі оқырманы 2,4 миллионға жеткен. Сондай-ақ блогер 368 мың адам тіркелген «Қора энтертейнмэнт» Telegram-каналының әкімшісі болған. Блогер казино сайтында тіркелуге шақырып, арнайы промокод таратып, осы арқылы тұрақты түрде заңсыз табыс тауып отырған.
Криптовалюта арқылы түскен табыс
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, блогер заңсыз жолмен тапқан ақшасын жасыру үшін криптовалютаны пайдаланған.
Тергеу нәтижесінде оның криптоәмиянына түскен 182 736,741 USDT (шамамен 180 мың доллар) көлеміндегі активке сот санкциясымен тыйым салынды.
Блогердің Вьетнамдағы жағдайы
Жақында әлеуметтік желілерде Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда блогер тікелей эфирге шығып, өзінің тұтқындалмағанын, тек паспорты тәркіленгенін мәлімдеді. Ол жақын уақытта Қазақстанға өз еркімен қайтатынын айтқан.
Министрлік қандай мәлімдеме жасады?
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов блогерді Қазақстанға қайтару мәселесі Бас прокуратурамен бірлесе шешіліп жатқанын жеткізді.
«Блогерді іздеу туралы мәселені Қаржылық мониторинг көтерген болатын. Қазір оны елге қайтару бойынша Бас прокуратурамен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», – деп түсіндірді Әділов.
Контекст
Қаңтар айында елордадағы Экономикалық тергеу департаменті блогерге қарсы халықаралық іздеу жариялаған. Алайда блогер ақпаратқа лезде жауап беріп, Instagram Stories арқылы «Бәрі жақсы» деген жазбамен фото жариялаған.
Бұдан бұрын, 2025 жылдың тамызында Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз казино жарнамасына қатысы бар бірнеше блогерді анықтап, олардың ішінде Қайсар Қамзаны ерекше атап көрсеткен еді. Ведомство оның әлеуметтік желілерде казиноға қалай тіркелу керектігі туралы видео түсіріп, жалған жеңімпаздармен қойылым жасап, оқырманды адастырғанын мәлімдеген.
Қайсар Қамза мен трансгендер Тұрғановтың бизнесі туралы бұған дейін егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







