Арыс қаласының Тараз мөлтек ауданында жаңа №2 «Келешек мектебі» өз жұмысын бастады. Заманауи білім ордасының ашылуы қаладағы үш мектептегі орын тапшылығы мен жүктемені азайтып, оқушылар мен ата-аналардың көптен күткен мәселесін шешті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мектеп директоры Талғат Сағатұлының айтуынша, жаңа нысан Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында бой көтеріп, биыл жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілген.

– Жаңа №2 «Келешек мектебінің» ашылуы Арыс қаласындағы үш білім ошағында қордаланған негізгі мәселені толық шешті. Бұған дейін Нұрсая мөлтек ауданындағы И.Журба атындағы мектепте, Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы мектепте 1100-ден аса оқушының шоғырлануына байланысты айтарлықтай қиындықтар туындап келген болатын.
Сонымен қатар Онтам мөлтек ауданындағы «Ынтымақ» шағын жинақты мектебінің жабылуы да қосымша жүктеме тудырды. Жаңа мектептің іске қосылуы осы үш ұйымдағы орын тапшылығын жойып, оқу процесін тұрақтандырды. Оқушылар кең әрі жарық кабинеттерге орналастырылды, мұғалімдердің жүктемесі жеңілдеді, ең бастысы балалардың білім алу жағдайы едәуір жақсарды.
Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан “Келешек мектептері” бағдарламасының нақты нәтижесі. Жаңа білім ордасы қаламыздағы білім сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр, – деді мектеп директоры Талғат Сағатұлы.

Мектеп мұғалімдер мен оқушылар үшін мүмкіндіктерге толы. Қазіргі таңда 600 орындық мектепте 515 оқушы білім алып, 49 мұғалім еңбек етуде. Олардың 30-ы – ауысу тәртібімен келген педагогтар. Білім ордасы толық жабдықталған 56 оқу кабинетіне ие.
Оның ішінде: 15 бастауыш сынып кабинеті, робототехника, STEM зертханасы, сенсорлы бөлме, хореография, логопед, психолог, әлеуметтік педагог кабинеттері мен 30 оқушыға арналған кітапхана, қыздарға аспаздық, ұлдарға шеберханасы бар. Сондай-ақ, физика, химия, биология, тарих, география, тіл және информатика кабинеттері толықтай заманауи стандарттарға сай жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Білім ордасында спорт және қосымша инфрақұрылым жағы да жабдықталған. Мектепте: 170 орындық асхана, 130 орындық АКТ залы, екі спорт залы (бастауыш және жоғары сыныптарға бөлек), футбол, волейбол, теннис, баскетбол алаңдары мен АӘД арналған арнайы орын, бастауыш оқушыларға арналған ойын алаңдары бар.
Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 29 «Келешек мектебінің» құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде өткен жылы – 13, биыл 10-нан аса мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жоспар толық орындалмақ.

